12 ақп, 2019 сағат 17:16

Астанада өрттен қайтыс болған бес қыздың ата-анасы алғаш рет сұхбат берді (Видео)

Бұрынғы мәжіліс депутаты, танымал блогер Тәңірберген Бердоңғаров Ситерлер отбасына барды. Бес баласынан айрылып қалған отбасы бүгінгі таңда көпшілікті қызықтырып отырған сұрақтарға жауап берді. Бердоңғаров сұхбаттың видеосын YouTube-тегі арнасында жариялаған, деп жазады Stan.kz.

Сұхбат барысында қайтыс болған 5 қыздың әкесі Евгений Ситер сол түні қайда болғанын айтады. Ол көлік жөндеумен 20 жылдан астам уақыт айналысқан.

«Мен көлікті жөндеуге алғанда, келісілген уақыт бойынша үлгермей жаттым. Екі аптаға кешіктірдім. Сондықтан түнде жұмыс істеуіме тура келді. Себебі таңертең көлікті беруім керек болды. Көліктің иесіне жолға шығу керек еді, ол күн сайын 20 мың теңге жоғалтады. Менің көлік жөндеумен айналысып жүргеніме 20 жылдан астам уақыт болды. Тұрақты клиенттерім бар», – дейді Евгений Ситер.

Белгілі болғандай отбасының 3 несиесі болған. Олардың жалпы сомасы –100 мың теңге.

Қайғылы жағдайдан кейін «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамының бастамасымен Ситерлер отбасына ақша жиналған-тын. Қайғылы қазаға бей-жай қарай алмаған қазақстандықтар 13 млн теңге көлемінде ақша жинап берген. Мешіт қызметкерлері бұл ақшаға әкімдікпен бірігіп қара жамылған отбасыға үй алып беретіндерін айтқан еді. Өз сөзінде марқұм қыздардың анасы Жанымгүл Ситер бүгінде үй алу үшін келісімшартқа қол қойғандарын айтты.

«Олар келіп: «Ақшалай берейік пе, әлде пәтер сатып алуға көмектесейік пе?» – деп сұрады. Біз пәтерді таңдадық. Сатып алу-сату келісімшартына қол қойдық», – дейді Жанымгүл Ситер.

Бес баласынан бірдей айрылып, қайғыдан қан жұтып отырған ана болашағы туралы сұраққа жауап берді.

«Бала табу, жұмыс істеуге деген ниет… Келесі балаларымды да алып кетпейтініне кепіл бар ма?» – дейді ол.

Сондай-ақ, Ситерлер отбасы қазақстандықтарға көрсеткен көмектері үшін алғыс білдірді.