11 мам, 2017 сағат 13:05

Астанада куәгер тағы бір лифт құлап кетті деп хабарлады (Видео)

Астанада куәгер тағы бір лифтінің құлап кеткені жайлы айтты, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, төтенше жағдай бұл жолы "Успех" тұрғын үй кешенінде болған.

"Біз түскі үзілістен кейін шыққан едік. 8-қабатта лифтке бір жігітпен кірдік. 3-қабатқа жеткен кезде лифт бірден 1-қабатқа түсіп кетті. Содан біз жекеменшік пәтер иелерінің кооперативіне қоңырау соқтық, 40 минуттай күттік. Сосын лифтші келді", - деді куәгер Зере Мәдиева.

Сондай-ақ, ол соңғы аптада тұрғын үйде тек бір лифтінің жұмыс істегенін айтып өтті.

"Біздің үйде екі лифт бар. Біреуі соңғы апта жұмыс істеген жоқ, қоңырау соқпаған жеріміз қалмады. Өтініш қалдырған жоқпын әзірге. Не істерімді білмей тұрмын, әлі дірілдеп тұрмын. Бұл оқиға осыдан 15-20 минут бұрын ғана болды", - дейді куәгер.

Оның айтуынша, бұл үйге "Сәттiлiк" ЖШС компаниясы қызмет көрсетеді.

"Жекеменшік пәтер иелерінің кооперативіне бардым. Олар біздің көп шағымданатынымызды айтты. Өзімді жаман сезіндім. Біреуі де жедел-жәрдем шақырған жоқ", - дейді куәгер.

Еске салайық, 13 сәуірде "Эдем Палас-2" тұрғын үй кешенінде ішінде 7 адамы болған лифт құлап кеткен еді. Абырой болғанда, сол жағдайдан ешкім зардап шеккен жоқ, кейін елордалық ІІД-нің баспасөз қызметіндегілер осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеудің басталғанын хабарлаған.

Ал 21 сәуірде дәл сол тұрғын үй кешенінде үйдің бір тұрғыны мінген лифт 17-қабаттан құлады. Қосымша арқан ғана құрылғыны 8 қабатта тоқтатуға мүмкіндік берген.