18 нау, 2019 сағат 12:18

Астанада көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы жоғары болады

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпбалалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмектің тағы бір жаңалығын жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атаулы әлеуметтік көмекке келсек, Мемлекет басшысы нақты тапсырма берді, бұрын жанұяның әрбір мүшесіне табысты есептегенде (күнкөріс минимумның - авт.) 50 пайыздың деңгейінде болса, енді оны 70 пайызға көбейтеді. Егер бұрын 14 849 теңге болса, 1 сәуірден бастап оның көлемі 20 789 теңгеге көтеріледі. Ал енді Астана қаласында басқа өңірлермен салыстырғанда орташа жалақы жоғары, сондықтан 21 698 теңгеге дейін көтеріледі. Біздің болжамымыз бойынша осы шарамен, кем дегенде, 830 мың қазақстандық қамтылады. Ал Астана қаласында, бұл кем дегенде, 6 700-ге жуық», - деді Б.Сапарбаев Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.

Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасының мүшесі жоғары оқу орнында оқыса, 21 мың теңгенің жәрдемақысы 23 жасқа дейін төленеді.

«Осы уақытқа дейін жанұяның әрбір мүшесіне 4 834 теңге төленіп келсе, 1 сәуірден бастап отбасының әрбір мүшесіне 20 789 теңге төленетін болады. Ал Астана қаласында - 21 698 теңге. Ал отбасыдағы ер кісіге және әйел кісіге бұрынғыдай 10 500 теңге қосымша төленеді», - деп атап көрсетті Б.Сапарбаев.

Айта кетейік, Nur Otan партиясының XVIII съезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.

«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар жағдай жақсы азаматтар болып шыға келеді», - деді Н.Назарбаев.  Жақында Мемлекет басшысы аталған шараларды 1 сәуірден бастауды міндеттеді. 

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев балаларға берілетін 21 мың теңгеден бөлек ата-анасына да қосымша ақы төленетінін жеткізді. Бүгінде елімізде күнкөрістің минимумы 29 698 теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін атаулы көмекті бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отбасылар алса, енді Президенттің тапсырмасы бойынша аталған көрсеткіш 70 пайызынан - 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, көпбалалы отбасының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 пайызға, яғни 20 789 теңгеге жетпесе, әрбір балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы беріледі. 

«Сосын егер жанұяның әрбір адамына шаққанда табыс күнкөріс деңгейінен (70 пайыздан- авт.) төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, сол ата-анасына да қосымша төленеді. Одан кейінгі ең үлкен жеңілдік, бұрын табысты есептегенде «Алтын алқа», «Күміс алқа»,  көп балаға берілетін жәрдемақы, мүгедектердің жәрдемақысы мен стипендиясы саналатын. Енді, соның бәрін есепке алмайды», - дейді Б.Сапарбаев.