06 там, 2018 сағат 14:57

Астанада картинамен безендірілген үй пайда болды

Астана үйлерінің бірінің сыртқы қабырғасы Қастеев атындағы музейден жиналған қазақстандық классиктердің туындыларымен толықты. Бұл жөнінде Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Міне, Urban Art Astana халықаралық көше сурет өнері фестивалі де өз мәресіне жетті. 15 маусымда басталған фестиваль қаламызға отандық және шетелдік суретшілердің 8 жұмысын сыйлады. Астаналықтар бұған дейін де көптеген үйлердің сыртындағы граффити өнерімен таныс болса, енді Ә.Мәмбетов көшесі, 5-үйдің Арбатқа жалғасқан жері мен Кенесары көшесінен Абай даңғылына дейін орын алған тұтастай өнер туындылары қала тұрғындары мен қонақтары үшін жағымды жаңалық болды. Қалалық Арбаттың аумағы одан әрі кеңеюде. Біз күні кеше ғана осы үйді сәндеп бітіп, соңғы бояуын сырладық», - деп жазды Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Facebook парақшасында.  


Ә. Қастеев атындағы өнер музейінен жиналған қазақстандық өнер классиктерінің туындыларымен безендірілген үй ашық аспан астындағы галерея іспеттес.

«Бұл жерде Тұрсын Әбуов, Әбілхан Қастеев, Гүлфайрус Ысмайылова, Шаймардан Сариев, Ғани Баянов, Мария Лизогуб және Айша Ғалымбаева сынды танымал авторлардың жұмыстарын тамашалай аласыздар. Оның атауы көп ұзамай «Танымал картиналы үй» деп аталып кететініне сенімдімін. Бұрын бұл аудан тек кеңсе ғимараттары орналасқан тыныш жер болса,  енді қала тұрғындары мен қонақтары жиі серуендейтін қызықты орынға айналары сөзсіз», - деді әкім.

Айта кетейік, Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімдігі және «Еуразиялық Мәдени Альянс» ҚБ Елорданың 20 жылдығына арнап 16-30 маусым аралығында «Urban Art Astana» сурет өнерінің алғашқы фестивалін өткізді. Фестиваль барысында Қазақстан суретшілерінің қолынан шыққан және басқа да елдердің стрит-арт өкілдері мойындаған сурет өнері көрсетілді. Астанаға заманауи көше мәдениетін енгізу бойынша өткен жылғы нәтижелі тәжірибенің жалғасы ретінде биыл жазда суретшілер Сарыарқа ауданының қасбеттерін әсемдеді.

Халықаралық комиссия мен жетекшілер 70-тен аса өтінімнің ішінен 26 нұсқаны іріктеп алып, халықтың дауыс беруі арқылы 7 сурет бекітілген болатын.