10 мау, 2017 сағат 08:56

Үш айға созылатын EXPO 2017 көрмесі өз жұмысын бастады

Астанада ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі жұмысын бастады. Жұма күні кешке көрменің ресми ашылу салтанатына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен соның алдында Астанада өткен ШЫҰ саммитіне қатысқан бірқатар мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілері қатысты.

Үш айға жалғасатын көрме жасыл энергия тақырыбына арналады.

- Астанадағы ЕХРО халықаралық көрмесі - жаһандық кеңістікте елімізді танытудың және "Қазақстан" ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі. Біз "Болашақтың энергиясы" тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогрестің бел ортасында болуды қалаймыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Ол Астанадағы көрмеге шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар 130-дан астам экспозиция әкелгенін хабарлады. Ұйымдастырушылардың дерегі бойынша, ЕХРО-2017 көрмесіне 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып отыр.

Жұма күні халықаралық көрменің ашылуы салтанаты концерттік бағдарламаға ұласып, үлкен отшашумен аяқталды.

Қазақстан 2012 жылдың қарашасында Парижде өткен халықаралық көрмелер бюросы жиынында ЕХРО-2017 көрмесін өткізу құқығын жеңіп алған. Ел үкіметі бұл көрмені өткізу Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жетістіктерін әлемге паш ету деп жариялаған. Көрмеге дайындық барысында оған бөлінген қаржыны жымқыру оқиғасы бойынша тергеу жүргізіліп, EXPO-2017 көрмесін өткізу жөніндегі ұлттық компанияның топ-менеджерлері коррупциялық айыптар бойынша әртүрлі мерзімге сотталған.