26 нау, 2017 сағат 15:33

Астанада Димаштың жеке концерті өтпек

Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтеді. Бұл туралы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің мәдени ойын-сауықтық және спорттық іс-шараларының кешенді бағдарламасы жарияланған expo2017culture.kz сайтында хабарланды.

Концерт елордадағы «Сарыарқа» Республикалық велотрегінде 27 маусым күні кешкі 19:00-де басталады деп көрсетілген. Кеш 2 сағатқа созылады деп жоспарланған. Әзірге билеттер сатылымға шыққан жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Димаш Құдайберген бұған дейін «Жэньминь жибао» («Халық газеті») басылымына сұхбат беріп, қытайлық азаматтарды Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне шақырған болатын.

«Биыл маусым айында Қазақстанда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ашылады. ЭКСПО көрмесі тұңғыш рет Орталық Азия елінде өткізіледі. Барлықтарыңызды Қазақстанға келіп, ЭКСПО көрмесін тамашалауға, қазақтың әсем табиғатын көруге, дәмді тағамдарынан ауыз тиюге шақырамын.  Бәрі сәтімен болса,  мен аталмыш көрмеде ән айтатын боламын», - деген еді әнші.

Күні кеше «Singer 2017» ән байқауына қатысып жатқан Димаш Құдайберген оныншы кезеңде О.Байсеңгірдің сөзіне жазылған өзінің «Ұмытылмас күн» атты әнін қазақ және қытай тілінде орындап, үшінші орыннан көрінді. Осылайша ол финалға жолдама алған-тын.