20 шіл, 2018 сағат 14:19

Астанада Денис Тенмен қоштасу рәсімі өтеді

21 шілдеде «Барыс-Арена» спорт кешенінде танымал мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, еңбек сіңірген спорт қайраткері Денис Тенмен қоштасу рәсімі өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Спортшымен қоштасу рәсіміне спорт қоғамдастығы, белгілі спортшылар мен жаттықтырушылар және Астана қаласының тұрғындары қатысады.

Сондай-ақ Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 21 шілдеде сағат 09.00-ден 10.30 аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.

Еске сала кетейік, кеше Алматы көшелерінің бірінде мәнерлеп сырғанаушыны көлік ұрылары пышақтап кеткен болатын. Көп қан жоғалтқан спортшы ауруханада көз жұмды.

Жедел іздестіру шаралары кезінде Денис Тенді өлтірді деген күдікті Нұралы Қиясов қолға түсіп, көз ұзамай ол өз қылмысын толық мойындады. ІІМ екінші күдіктіге іздеу жариялап, бағыттама таратқан болатын.