20 қаз, 2018 сағат 17:40

Астанада «Азия жауынгері» халықаралық турнирі өтіп жатыр

Елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде Nomad MMA стилінде VIII Халықаралық «Азия жауынгері» турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Азияның мықтысы атағы үшін 500-ге жуық спортшы өзара бақ сынауда. Олардың ішінде Қазақстан, Пәкістан, Иран, Үндістан, Бангладеш, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ауғанстан және Ресей елдерінің өкілдері бар.

«ММА спорт түрі әлемнің көптеген елдерінде ертеден қолға алынып, көш ілгері дамыған. Осы тұрғыда біз ММА-ның өзіндік әдісін ойлап шығару жолында біраз еңбектендік. Бірқатар елдерге барып, аталған спорт түрінің деңгейі мен жетістіктерін қарастырдық. Атқарылған біраз жұмыстың арқасында «Nomad MMA» көшпелі халықтардың күресін жасап шығардық. Біздің бастапқы мақсатымыз - жас ұрпақты ММА арқылы спортқа баулу. Елімізде ММА бойынша орта буын өкілдерінен кәсіби спортшы жоқтың қасы. Осы олқылықты жою үшін біз жасөспірімдерді көптеп тартып жатырмыз. Жарысқа қатысып, жүлделі орын алмаса да, жеткіншек өзі үшін, өзін қорғау үшін айналысса, ол да біз үшін жетістік. Елімізде бұл спорт енді ғана жанданып, қолдауға ие бола бастады. Өздеріңіз көріп отырғандай, осымен 8-ші рет ұйымдастырылып отырған турнирге 500-ге жуық спортшы қатысуда», - деді «Nomad MMA» республикалық федерациясының президенті Гаджи Гаджиев.

Федерация президентінің айтуынша, Nomad MMA жекпе-жегін дамытудағы тағы бір мақсат - чемпиондар жасап шығару ғана емес, аталған спорттың бұқаралық сипатқа ие болуы.

Екі күнге созылатын спорт бәсекесінде үздік деп танылғандар халықаралық чемпионтқа жолдама алады.

Турнирді Nomad MMA халықаралық федерациясы өткізіп жатыр. Қолдаушылар -ҚР Мәдениет және cпорт министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі.

Айта кетейік, бүгінде аталған жекпе-жек түрімен федерация аясында 14 мың бала айналысып жүр.

Сонымен қатар, 15 жылдық тарихы бар Nomad MMA халықаралық федерациясының құрамында 15 мемлекет өкілдері бар.