05 мау, 2018 сағат 10:20

Астанада әл-ауқаты төмен отбасылар менингитке қарсы екпені тегін ала ма?

Астана әкімі Әсет Исекешев елордадағы менингитке қатысты ахуал туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратsputniknews.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Әкімнің сөзіне сүйенсек, жұқпалы ауру бақылауға алынған, сол үшін арнайы медициналық штаб құрылыпты. Қалалық ауруханаларда кезекшілік күшейтілді.

"1414 колл-центрі тәулік бойы жұмыс істейді. Біз профилактикалық шараларға назар аударып жатырмыз. Халықты хабардар етіп, жалпы профилактика күшейтілді. Екіншіден: жедел жәрдем дәрігерлерінің жұмысы, ауруды алдын ала анықтау мақсатында учаскелік дәрігерлердің қызметі күшейтілді. Ауруханалар дайын, дәрі-дәрмек бар", — деп хабарлады қала басшысы "Астана – әлем қаласы" ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысында тілшілерге.

Әсет Исекешев бұрын жансақтау бөлімінде жатқан үш жасар баланың хәлі жақсарғанын хабарлады. Балақай қазір палатаға шыққан екен.

"Әл-ауқаты төмен отбасылар менингитке қарсы екпені тегін ала ма?" деген сұраққа Астана әкімі бұл мәселеге денсаулық сақтау министрлігі жауапты екенін айтты.

"Тағы да атап өтсем, қажетті дәрі-дәрмек бар. Қандай екпенің тегін берілетінін денсаулық сақтау министрлігі шешеді. Бүгін бас санитарлық дәрігердің брифингі болады, солардың шешімін күтеміз. Біз өз тарапымыздан кез келген қажетті шешімді қабылдауға әзірміз", — деп ойын қорытты Әсет Исекешев.