11 қаз, 2018 сағат 22:32

Астанада академик Рымғали Нұрғалиге мемориалдық тақта орнатылды

Астанада академик Рымғали Нұрғалидың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Бүгін Астана қаласы әкімдігі мен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен аса көрнекті әдебиеттанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Рымғали Нұрғали тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

Салтанатты шараға қатысқан елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев академик Рымғали Нұрғалидың қазақ әдебиетінің дамуына және шәкірт тәрбиелеуде, Астананың руханиятына қосқан үлесі туралы айтып өтті.

«Мен де ағамыздың шәкіртімін. Рымғали ағамыздың арқасында университет қабырғасында жүріп Мағжанның өлеңдерін, Міржақып пен Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерімен таныса бастадық. Ағамыздың қазақ ғылымына, өркениетіне қосқан үлесі орасан зор. Ағамыздың елордаға алғашқылардың бірі болып көшіп келіп, осы қаланың мәдениетіне, руханиятына қосқан үлесін атап айтпау мүмкін емес», - деді Ермек Аманшаев.

Сонымен қатар, әкім орынбасары академиктің жетекшілік етуімен кезінде кандидаттық дипломын қорғағанын айтып өтті.


Рымғали Нұрғали қазақ театры мен драматургиясының тарихы, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезов және басқа да қазақ әдебиеті классиктерінің шығармашылығы туралы іргелі монографиялық еңбектер жазды.

«Бұл іс-шараның тәлімдік, танымдық, тәрбиелік мәні зор. Ағамыз ғылымға ынтасы бар әр қазақтың баласына қамқор бола білді. Әдебиеттегі еңбегі бір бөлек ағамызды театртанушы деп толық айта аламыз. Ағамыз Алматы төрінен Астанаға келгендегі мақсаты - елордаға қазақи рухты енгізу, оның тарихы мен дәстүрін осы қалаға сіңіру болды. Қаладағы даңғылдар мен көшелерге берілген тамаша атауларда да ағамыздың қолтаңбасы бар», - деді Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Шараға сондай-ақ академик Сейіт Қасқабасов, теледраматург Сұлтан Оразалин, Р.Нұрғалидің шәкірттері, Еуразия ұлттық университетінің ұстаздары мен студенттері қатысты.