15 нау, 2017 сағат 09:21

Астанада 1,5 миллиард теңге жымқырды деген күдікпен ұсталған бұрынғы вице-министрдің соты басталды

Астанада білім және ғылым экс-вице-министрінің соты басталды. Саят Шаяхметовке 1,5 миллиард теңгені иемденді және жаратты деген күдік келіп отыр, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі.

Қосымша тергеу жүргізілгеннен кейін Астанада бұрынғы вице-министрдің соты басталады. Сотталушылар қатарында онымен бірге "ҚР салынып жатқан білім және ғылым нысандары дирекциясы" ЖШС бас директоры Александр Пак бар. Оларға ҚР білім және ғылым министрігінің қаражатын жымқырды және жаратты деген күдік келіп отыр. Бұл қаражат 2011 жылы Өскемендегі Машина құрылысшыларының дайындығы және қайта дайындау орталығының құрылысына бөлінген.

Сот тыңдауы барысында экс-вице-министрге мемлекеттік қорғаушы ретінде елордалық адвокаттар алқасынан Сабина Шапенова тағайындалған. Алайда, қылмыстық істің басты фигурантының сөзінше, адвокатпен танысуға мүмкіндігі болмаған.  

"Жаңа қорғаушы табуыма уақыт беруді сұраймын. Мен бұрынғы қорғаушым Бисекеевтен бас тарттым, себебі тергеу барысында онымен кездесіп, әңгімелесе алмадым. Қазіргі уақытта бекітілген Шапеноваға қатысты наразылығым жоқ, себебі мен оны танымаймын, сөйлеспедім де. Қорғаушы іздеуіме уақыт беруіңізді сұраймын. Өз тарапымнан бұған аз уақыт қажет болатынын айта аламын", - деді Саят Шаяхметов. 

Алайда Астананың №2 Алматы аудандық сотының осы іс бойынша төрағалық ететін судьясы Айжан Күлбаева бұл өтінішті қанағаттандырмады. 

Еске салайық, білім және ғылым экс-вице-министрі Саят Шаяхметовке және бірқатар лауазымды тұлғаға қатысты сот тыңдауы 2014 жылдың жазында басталған. Алайда екі ай өткеннен кейін іс қосымша тергеуге жіберілген. Сол уақытта сот Шаяхметовтың кінәсінің дәлелдеріне күмән келтірген еді.