21 там, 2018 сағат 10:29

Astana LRT салонына су кіріп кеткен автобусқа қатысты түсініктеме берді

«Astana LRT» компаниясы елордада нөсер кезінде салонына су кіріп кеткен автобустың видеосына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Астана көшесімен жүріп келе жатқан автобустың салонын толығымен су алып кеткені көрініс тапқан видео тараған еді.

«Желіде тараған видеоға келсек, автобусты су басу қаупі болғандықтан, жүргізуші қозғалысты тоқтата алмады. Сол себепті жүргізуші су басқан аумақтан жүріп өтіп, келесі айналымын уақытша өзгертілген схема бойынша бастаған», - деп түсіндірді компанияның баспасөз хатшысы Науат Азанбаева ҚазАқпарат тілшісіне. Баспасөз хатшысының хабарлауынша, қазір де Б. Момышұлы даңғылының А.Тоқпанов - Сарайшық бөлігін су басып жатыр.


Айта кетейік, Астанада толассыз жауған нөсер жаңбырдан көшелерді су алып, бірқатар автобус бағдары өзгертілді. Б. Момышұлы даңғылының А.Тоқпанов - Сарайшық көшесі аралығында жүретін №15, 47, 51, 56, 61, 101 автобус бағдарлары 21 тамыз 06:00-ден бастап  су тазартылғанша уақытша қозғалыс бағыттарын өзгертеді.