19 қаз, 2018 сағат 14:37

Astana LRT қызметкері екі рет төлем алынбайтынын өз картасымен дәлелдеді

«Astana LRT» ЖШС төлем жүйесі департаменті директоры Дәурен Нұрәлиев Астанадағы қоғамдық көлік карталарынан екі рет төлем алынбайтынын айтып, сөзі дәлелді болу үшін төлем қабылдайтын валидаторға карточкасын басып көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі рет төлемнің алынғаны туралы, бір автобустан екіншісіне отырған кезде төлемнің екінші рет алынбау әдісінің жұмыс істемейтіні жайлы осыған дейін көп айтылған болатын. Екі рет төлемнің алынуы туралы мәселенің болуы мүмкін емес. Себебі, бұл - бірыңғай жүйе. Барлық құрылғы бір жүйе бойынша жұмыс істейді», - деді Дәурен Нұрәлиев компанияда өткен дөңгелек үстел барысында.

Дәурен Нұрәлиев  дәлел ретінде дөңгелек үстел барысында төлем қабылдайтын аппаратқа өз картасын басып көрсетіп, екі рет төлемнің алынбайтындығын көрсетті.

Еске сала кетсек, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық қоғамдық көліктерге тексеру жүргізіп, оның қорытындысын жариялаған болатын. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров «валидаторлардың екі рет жолақы алады» деген тұрғындардың күдігінің расталғанын айтқан еді.

Ал оның алдында жолаушылар алдыңғы есіктен кіргендегі валидатор 180 теңге, ал автобустардың басқа валидаторлары 90 теңге алатынын айтып арызданған еді. Кейін «Астана LRT» өкілдері «көлік карталарынан екі рет төлем алынуы мүмкін емес» деп жауап берген болатын.