03 шіл, 2019 сағат 14:36

«Астана» командасының Тур де Франс жарысына қатысатын құрамы белгілі болды

«Астана» командасы 6 шілдеде Брюссельде басталатын Тур де Франс әлем жарысына қатысатын велошабандоздарының тізімін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

Команда жетекшісі - Якоб Фульсанг. Командада Алексей Луценко, Горка Исагирре, Пельо Бильбао, Магнус Корт, Луис Леон Санчес, Омар Фраиле және Уго Уль бар.

«Мұндай күшті және тәжірибелі командамен жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін барымызды саламыз. Жарыста екі спорт директоры командамен жұмыс істейді, олар - Ларс Михаэльсен және Бруно Ченьялта», - дейді спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

Оның айтуынша, бұл жолы тәжірбиесі мол әрі мықты команда жасақталды. 

«Бұл командадағы велошабандоздардың қоржынында 13 жеңіс бар. Сондай-ақ, біздің көшбасшы Якоб Фульсанг осы маусымда Льеж-Бастонь-Льеж сияқты бірқатар маңызды жарыстарда жеңіске қол жеткізді. Біздің барлық спортшыларымыз Тур де Франс жарысына қатысқан, тәжірибесі жеткілікті. Бұл жолы Уго Уль мен Пельо Бильбао жарысқа шығады. Уго мықты шабандоз ретінде танымал. Пельо Бильбаоға келер болсақ, оған ешкім тең келмейді. Ол таудағы жарыстарда өзін бірнеше мәрте мойындатқан. Соңғы Джиро д'Италия жарысында екі кезеңде де жеңісті қолдан бермеді. Әрине, Тур де Франс жарысында бір ғана жеңімпаз болады. Десек те, әлем турынан үміттіміз. Кез келген жағдайға 100 пайыз дайынбыз», - дейді спорт менеджері.

Тур де Франс 6 шілдеде Брюссель қаласынан басталып, 28 шілдеде Парижде аяқталады.