11 ақп, 2019 сағат 14:39

Мемлекеттік басқарудағы инновациялар мәселесі талқыланды

Дубайда жетінші Дүниежүзілік үкіметтік саммит (WGS 2019) аясында Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов Біріккен Араб Әмірліктері министрлер кабинеті істері жөніндегі министр, WGS Төрағасы Мухаммед әл-Гергавимен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана хабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біздің көзқарасымыз бен мақсатымыз ортақ, бұл - адамдардың өмір сапасын арттыру. Осы тұрғыда БАӘ үкіметі Астана хабы қатысушы-елдерімен мемлекеттік секторда инновацияларды қолдану саласындағы озық тәжірибемен бөлісуге әзір», - деп атап өтті кездесу барысында Мухаммед әл-Гергави.

Өз кезегінде Әлихан Байменов мемлекеттік қызметтегі инновацияларды дамытудағы әріптестіктің маңызына тоқталды. Ол Хабқа 40 мемлекет, оның ішінде жаңа технологиялар мен электронды үкімет саласындағы көшбасшылар - Эстония мен Корея қатысатынын жеткізді. Хаб тұғырнамасында өзара тәжірибе әрі білім алмасу мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету мен электронды үкімет бойынша практиктердің екі Альянсы құрылған. Сонымен қатар, Әлихан Байменов БАӘ-нің мемлекеттік инновациялар бойынша мол тәжірибесі қатысушы-елдер үшін құнды болатындығын атап өтті.


Тараптар алдағы ынтымақтастықты, оның ішінде мемлекеттік инновациялар саласында бірлескен халықаралық іс-шаралар өткізіп, зерттеулер жасау мәселелерін талқылады.  Әл -Гергави Астана хабына дүниежүзілік саммит жұмысына жыл сайын мемлекеттік қызмет бойынша параллель сессиялар ұйымдастырушысы ретінде ат салысуға ұсыныс білдірді.

Еске сала кетейік, бүгін Дубайда Дүниежүзілік саммит ашылды. Бұл әлемнің 150-ден астам мемлекетінен 3 мыңнан астам адам қатысатын ірі ғаламдық тұғырнама болып отыр. Онда мемлекеттік жоғары лауазым иелері, кәсіпкерлер, сарапшылар мемлекеттік органдар жұмысын жақсарту бойынша тәжірибе алмасып, келешектегі үкіметтер туралы өз көзқарастарымен бөліседі.