12 нау, 2019 сағат 10:19

Астана әуежайындағы дүрбелең: Жолаушының нақты диагнозы 2 күнде анықталады

Делиден Астанаға ұшып келген жолаушы қандай  ауруға шалдыққаны 2 күннен кейін нақты анық болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне еліміздің Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Диагнозын нақтылау үшін оларға жұқпалы аурулар аруханасына жату ұсынылған еді. Науқастар ұзақ уақыт бойы келіспей қойды. Түптеп келгенде олар бактериологиялық-зертханалық зерттеуден өту үшін аурухаға жатқызылды. Содан кейін олар ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасында жеке орынға оқшауландырылып, сараптама алынды.  Нақты диагноз қою үшін полимеразалық тізбекті реакцияға, иммуноферменттік сараптамаға үш оң зерттеу қажет. Зерттеу классикалық әдіспен жүргізіледі. Нақты диагноз 2-3 күннен кейін қойылады. Алдын ала диагнозы - «анықталмаған этиологияның өткір ішек инфекциясы». Бірақ біз тырысқақ күдігімен де жұмыс жасап жатырмыз», - деді ол.


Сонымен қатар Бекшин  науқас ұшып келген ұшаққа толықтай зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілгенін айтты.

«Әуежайдың барлық қызметтері жұмыла жұмыс істеді. Ұшақ қонар алдында шұғыл штаб  өтіп, түсіндіру жұмыстары үшін ұшақ қонатын орын анықталды. Жүктер, көлік, автобус зарарсыздандырылды. 30 минуттан кейін жолаушылар шекаралық бақылаудан өтуге жіберілді», - деді Бас санитар дәрігер.  

Еске сала кетейік, бір жолаушының тырысқақ ауруын жұқтыруы мүмкін деген ақпарат кеше кешкі сағат 19:30-да түскен. Air Astana ұшағы Делиден Астанаға ұшып келе жатқан. Лайнер елорда әуежайына 23:50-де жетті, ұшақ бортында 136 жолаушы болған. 

Тырысқақ жұқтырған болуы мүмкін деген Украина азаматының қызуы көтеріліп, іші өткен, лоқсыған.