23 нау, 2019 сағат 10:11

Қазақстан Жазушылар одағы Астана атауының өзгеруіне қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан Жазушылар одағы ел астанасының "Нұр-Сұлтан" болып өзгеруіне қатысты пікір білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының

МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстан – қайта түлеудің, тұрақтылық пен ынтымақтың, тарихи оқиғалардың отаны.

Тәуелсіздік туын алғаш көтерген күннен бастап, осы жылдар аралығында орын алған оқиғалардың бәрі көз алдымызда. Өз Әнұранымыздың алғаш шырқалғаны, Елтаңбамыздың мекемеміздің маңдайшасына алғаш ілінгені, Ұлттық валютамыздың алғаш қолданысқа енгені, кейінгі жылдардағы экономикалық өрлеу, еліміздің халықаралық ұйымдарда көшбасшы ретінде танылуы, Азиада, ЭКСПО сынды ірі халықаралық шаралар... Біз осының бәріне куәміз.

Егеменді ел ретіндегі естен кетпес тағы бір тарихи оқиға Елордамыз Астана қаласының салынуы. Еңсесін енді ғана тіктеген жас мемлекеттің әлемді аузына қаратқан осындай алып қала салуы үлкен тәуекел әрі тарихи шешім. Мұны тек Қазақстан халқы ғана емес, бүкіл әлем айтуда. 

Мұнда осынау тарихи шешімді қабылдап, ұлттық сипаттағы қаланың іргетасын қалаған Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Өзі басшылыққа алып Бәйтерек, Ханшатыр, «Қазақ елі» мемориалды кешені сынды нысандарды жаңа астананың, қала берді, барша халықтың көз қуанышы, мақтанышына айналдырды.

19 наурыз күні Нұрсұлтан Әбішұлы жалпы халыққа мәлімдеме жасап, президенттік өкілеттігін тоқтататынын айтты. Мемлекет Басшысы болып Қасым-Жомарт Тоқаев бекітілді. Міне, Қазақстан жарқын болашаққа қарай тағы бір қадам басты.

Жаңа Мемлекет басшысы барша қазақстандықтардың алдында Елордамызға «Нұр-Сұлтан» атауын беру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл орынды ұсыныс. Бұл әлем халықтарының тәжірибесінде бар дүние. Сонымен қатар, Елбасының Астана қаласының салынуында сіңірген еңбегін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы хатшылығы Елордамыздың атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту жөніндегі шешімді құптайды.

Елордамыз болашақпен бірге көркейіп, кемелдене түсіп, халықпен бірген жасай беретініне сенім білдіреміз.