05 нау, 2019 сағат 09:09

Астана әкімі тіл басқармасынан неге тіксінді?

Астанада тіл басқармасын жабу не үшін керек болды, бұған кім араша түсе алады?!

Елді ойлайтын ертеңшіл әкім деп мақтаған Бақыт Сұлтановтың бүгінгі шешімі шынымен жаға ұстатты. Елордамызда мемлекеттік тіл мәселесі шешіліп қойғандай, енді тіл басқармасы дербес мекеме ретінде жұмыс істемейтін болыпты. Бұл әкімнің де тіл дегенде тіксініп қалатынын кім білген. 

Сұлтановтың шешіміне сәйкес Астанадағы қоғамдық-идеологиялық жұмысты ендігіде жаңа құрылған Қоғамдық даму басқармасы жүргізеді. Бұл мекемеге қоғамдық даму басқармасы, мәдениет және спорт басқармасы, тілдерді дамыту және архив (мұрағат) ісі басқармасы біріктіріледі. Әкімнің бұл экономикалық тұрғыда пайдалы, қаржы үнемделеді дегенін естіп жатырмыз. Әйтседе тіл мәселесінде, идеология саласында, әсіресе ұлттық сана құлдыраған қазіргі кезеңде үнем дегенді айтудың өзі жауыздықпен пара-пар.

Солтүстік аймақтарды айтпағанның өзінде, қаймағы бұзылмаған Түркістан және Жамбыл облыстарында тіл басқармалары жұмыс істеп келеді. Ендеше Астанаға не жорық? Тілдерді дамыту басқармасының арқасында Астана қазақыланып келе жатқан. Оразкүл Асанғазы, Ербол Тілешов, Тілеуғали Қышқашбаевтардың бастамасымен қала көшелері, аудандарына қазақша атаулар беріліп, сауда орталықтары мен ғимарат маңдайшаларындағы атауды қазақша сауатты жазу жұмыстары қадағалана бастаған. Тіл басқармасына жүректі азаматтар жұмысқа алынып, еріктілер тобы құрылып, Астанада тіл тазалығын талап етуші жастар көбейген. Руханият орталығы ашылып, ұлт үшін маңызды іс-шаралар өткізіле бастаған. 

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Елбасының аузымен айтсақ: "Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Оған көңіл де, қаржы да солай бөлінеді". Бұдан асып қалай айтуға болады. Түсінген адамға бұл жәй сөз емес тапсырма. Сондықтан Сұлтановтың бүгінгі шешімін асығыс жасалған қадам деп санаймын. Басқадан үнемдесе де тілдік, ұлттық мәселеден үнемдеудің керегі жоқ. Әсіресе әлеуметтік мәселелер ушыққан қазіргі кезеңде. Тіл – ұлттың сүйенетін түп тамыры. Ендеше тілдерді дамыту басқармасын дербес мекеме ретінде сақтап қалуға әлі де болады деп сенемін. Көп түкірсе көл деген. Елдігімізді білдірейік, ел болып талап етейік.

Мәди Манатбектің фейсбуктағы жазбасынан