06 шіл, 2018 сағат 10:29

Астана әкімі елорданың мерейтойымен құттықтады

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қала тұрғындары мен қонақтарын Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана қаласы әкімдігің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құрметті астаналықтар және қала қонақтары! Сіздерді Астанамыздың жиырма жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!» - деді қала әкімі.

Астана – қысқа уақытта салынған айбынды мегаполис, тәуелсіздіктің символы. Елбасымыз осыдан жиырма жыл бұрын Арқа төсінде осындай ғажайып қала саламыз дегенде көпшілік сене қоймағанын жақсы білеміз. Дегенмен, мұның өміршең мұраттар арқалаған тарихи шешім болғанына бүгінде уақыттың өзі айқын дәлел. Қалаға салынған инвестиция өзін толық ақтап, Астана ел халқының мақтанышына, мемлекет дамуының локомотивіне айналды.

«Бүгінде елордамыз өзінің жиырма жылдық мерейтойына мол табыстармен, салмақты жоспарлармен жетіп отыр. Қаланы әлемнің ең үздік мегаполистерімен терезесі тең, тұрғындары бақуатты шаһарға айналдыру бағытында барлық қажетті шаралар қолға алынуда. Бұған бізде ресурстық әлеует те, толымды тәжірибе де, талап-ниет те жеткілікті. Сондықтан Астанамыздың келешегі кемел, жарқын сәттерге толы болады деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға ырыс пен береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!» - деді Әсет Исекешев.