#
#
Сейсенбі 17/07/2018

Ассамблеяның тартуы һәм "қазақтанудың" қазығы

  • 01.07.2018
  • 0
  • 64

Өз ұлтының ерекшелігін, өз мәдениетінің озық үлгілерін келер ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен ел құнды мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізуге ұмтылады. Соңғы жылдардың өзінде домбырада тартылған күй, киіз үй, қазақ күресі, асық ату сияқты ұлтымызды сипаттайтын өнер, спорт, тұрмыс ерекшеліктеріміз әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде осы тізімге енген. 

Келесі қадам осы құндылықтарды ел ішінде дәріптеу, оларды өз ұрпақтарымыздың қастерлі мұра ретінде қадір тұтуы бағытында жасалуы керек. Сондықтан «тізімге енді, шаруа сонымен бітті» деген ойдың жетегінде кетуге болмайды.

Бұл ретте Мемлекет басшысының шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп белгілеу туралы Жарлығының астарынан осындай ойды ұғуымыз керек. Әлем қадірлейтін мұра, көне аспабымыз домбыраны өз елімізде ұлықтау қазір қаншалықты дәрежеде? Болашақта қандай болмақ? Домбыраның біртұтас Қазақстан халқы үшін маңызы қандай? 

Бұл туралы 22 маусым күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер мен сарапшылар клубының Алматыда өткізілген кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенконың пікірі жиналғандар назарын аударғанын айта кеткен жөн деп білемін.

Төрағаның орынбасары сөзінің басында Ұлттық домбыра күнінің қарсаңында тұсауы кесілген Ассамблеяның «Қазақтану» жобасына былай деп тоқтала кетті: «Жобаның бар қазақтың басын қосқан Абылай ханның алаңында басталуының терең маңызы бар – біз де ортақ құндылықтарымызды нығайту үшін күш-жігерімізді біріктіреміз. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің бірлігіміз қазақ халқының тұтастырушы рөліне негізделеді. Қазақстанның әр азаматы қазақ халқының үздік қасиеттерін өз бойларына сіңірулері керек».

Әрі қарай Леонид Прокопенко отырысқа қатысушыларға Ұлттық домбыра күніне Ассамблея ерекше дайындалып жатқанын жеткізді: «Біз мереке күні дүниеге бірінші болып келген әр нәрестені Ассамблеяның атынан құттықтап, домбыра сыйлайтын боламыз. Және бұл акция бүкіл елімізде өткізіледі. Ірі қалаларда да, аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде де перзентханаларға біздің өкілдеріміз барып, логотипіміз бар домбыра мен құттықтау хатты табыс ететін болады». 

Биыл алғаш рет, бүкіл еліміз болып жоғары дәрежеде атап өтілген Ұлттық домбыра күнінің бір ерекше акциясы осы – нәрестеге домбыра тарту ету болғаны анық. 

Бұл күні Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына арнайы келген ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Л. Прокопенко, Хатшылық меңгерушісінің орынбасары Н.Шанаи, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, мерейлі мереке күні дүниеге перзент әкелген ана Бекбота Алуаны құттықтап, ұлына арналған домбыра мен құттықтау хатты табыс етті. 

Құттықтау сөзінде ҚХА Төрағасының орынбасары Л. Прокопенко Елбасы Жарлығымен белгіленген Ұлттық домбыра күнін қолдау үшін Ассамблея бүкіл ел бойынша «Қасиетті домбыра» акциясын өткізіп отырғанын хабарлай келіп: «Домбыра – шаңырақ, қазан сияқты қазақ халқының символы. Қазақ халқының бүкіл тарихында домбыра бірге болып, ел басынан өткен қуаныш пен қайғыны бүгінгі күнге жеткізген. Еліміздің жас азаматына осы қасиетті домбыраны сыйлай отырып, оны өмір бойы серік етсін деп тілейміз» деп атап өтті. 

Құттықтауға келгендердің атынан Ибрайымбеков Балғабай сөз сөйлеп, домбыраға қосылып, ән әуелетті.

Ассамблея табыс еткен құттықтау хатта жас қазақстандыққа мынадай арнау сөз жазылған:

"Айналайын!

Сен туған еліңнің ғажап дәуірінде дүниеге келдің! Сенің Отаның Қазақстан – ұл мен қызы еркін, дамуы қарқынды, ешбір елдің алдында тізе бүкпейтін тәуелсіз мемлекет! 

Сен оның ту тіккен елордасы – Астананың 20 жылдығы аталып жатқан кезеңде жарық дүниеге келіп, Ұлы Дала Елінің жұпар ауасымен тыныстай бастадың! Бұл – сенің далаң! Бұл – сенің Астанаң, айналайын!

Енді сен ұланғайыр дала төсінде бой көтерген ғажайып қала – Астанамен бірге өсіп, биіктерге еліңмен бірге өрлейсің. Сенің жарқын өмірің бастау алатын бүгінгі күннің – отбасың үшін де, Отаның үшін де тағлымы терең, маңызы зор мерекемен сәйкес келуімен қымбат.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен шілде айының алғашқы жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп белгіледі. Бұл – сен туған елде халықты ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтап, қайта жаңғырту идеясының төңірегінде топтастыруды мақсат ететін мереке. 

Болашақта сенің осы асыл идеяны іске асырушылар қатарында болатыныңа сенімдіміз. Өнегелі, өнерлі жолыңда ДОМБЫРАҢ жан серігің болсын! 

Үлкен өмірге жасаған қадамың құтты болсын, Ұлы Дала перзенті!"

Камал Алпейсова

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар