01 мам, 2019 сағат 10:33

Ассамблея: Ортақ міндетіміз - қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау

Қазақстан халқы Ассамблеясы барша қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ассамблеяның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ассамблеяның жазуынша, бұл мереке еліміздің барлық азаматтарын біріктіретін орасан зор әлеует - достық пен өзара түсіністіктің жарқын мерекесіне айналып отыр. 

«Татулық пен келісім құндылықтары Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының әрдайым аса маңызды басымдықтары болды. Соның арқасында қоғамымыздың көп этносты болуы, мәдениеттер мен тілдердің алуан түрлілігі  біздің артықшылығымыз бен жетістігімізге, Қазақстан дамуының берік негізіне айналды. Айтулы мерекені бірліктің, өз Отанымыздың болашағы үшін ортақ жауапкершіліктің  ерекше атмосферасында атап өтудеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы қазақстандықтардың табысты да қарқынмен дамитын Қазақстанды құру үшін белгіленген барлық жоспарларды іске асыруға бірге ұмтылатынын тағы да көрсетіп берді» делінген құттықтауда.   

Қазақстан халқы Ассамблеясы бәріміздің ортақ міндетіміз - Тәуелсіз Қазақстанның ең басты және айқын жетістіктерінің бірі - қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау екенін айтады.

«Біздің ынтымақтастығымыз одан әрі бекіп, нығая берсін, ал жүректерімізді ортақ жеңістеріміз үшін мақтаныш кернесін. Ұлы Даланың әр үйіне бақыт пен береке, татулық пен табыс тілейміз» деп жазады ассамблеялықтар.