16 қыр, 2019 сағат 13:05

Асхат Ділмұхамедов Токио Олимпиадасының жолдамасын иеленді

Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық балуан Асхат Ділмұхамедов Олимпиада жолдамасын иеленді, деп хабарлайды olympic.kz.

Грек-рим күресінен 77 келіде белдесетін Асхат Ділмұхамедов ширек финалда сербиялық балуанды 3:2 есебімен жеңіп, әлем біріншілігінің жартылай финалына өтті. Грек-рим күресінің ережесі бойынша лицензиялық әлем чемпионатында 1-ден 5-ші орынға дейінгі аралықта орын алған балуандар Олимпиада жолдамасына ие болады. Осылайша, Асхат Ділмұхамедов Токио Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді. Бүгін 60 келідегі Мейрамбек Айнағұлов та жолдама иеленген болатын. Асхат Ділмұхамедов Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Азия чемпионы және Азия чемпионаттарының қола жүлдегері. Бүгін іріктеу айналымында Асхат Ділмұхамедов екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін Еуропа чемпионы Роман Власовты жеңген болатын.