31 нау, 2020 сағат 11:57

Асхат Аймағамбетов жазғы каникулды қысқарту мәселесіне пікір білдірді

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жазғы каникулды қысқарту мен ҰБТ өткізу мерзімі туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Тоқсандық демалысқа бір апта ерте шығу оқу жылын ұзартуды қажет етпейді. Қазіргі уақытта мұндай мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Жазғы каникулды қысқарту да жоспарымызда жоқ. Алдағы уақытта күтпеген оқиғалар болып жатса, ойлануымыз мүмкін. Бірақ әзірге бұл мәселе көтерілген жоқ», - деп жауап берді министр Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сауалына. 

Сонымен бірге, министр ҰБТ өткізу мерзімі туралы сұрақтарға жауап берді. 

«ҰБТ-ны маусым айының аяғында өткізу жоспарланған, оны да ауыстыруға еш қажеттілік жоқ. ҰБТ сынама тесттерін ақысыз өткізу бойынша жағдай жасадық. Тестілеудің 70 нұсқасын тегін ҰБТ сайтына шығардық, көптеген балалар сынама тесттен тегін өтіп жатыр», - деді министр. 

Еске сала кетсек, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары, ЖОО және колледж студенттері қашықтан оқыту форматына көшірілді. 

Бұған дейін министр қазақстандық мектеп оқушыларының теледидар, радио, интернет және пошта арқылы білім алатынын мәлімдеген еді. 

1 сәуірде Қазақстанның барлық мектептері қашықтан оқыту бойынша сынама сабақ өткізеді. 

Барлық сұрақтар бойынша Білім және ғылым министрлігінің 1450 колл-орталығына хабарласуға болады.