01 шіл, 2019 сағат 14:34

Асхат Аймағамбетов: Ел ішінде білім саласына өкпе-реніш көп

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов салада жоғарыдан берілген тапсырмалардың орындалмауы жиілеп кеткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, елдегі жоғары оқу орындары мен өңірлердегі білім басқармалары Мемлекет басшысының, министрлік пен Үкіметтің тапсырмаларын орындауда сылбырлық танытып отыр.

«Жұмысқа кіріскен екі апта ішінде саладағы жұмыс барысын зерделеп, тиісті талдау жұмыстарын жүргіздік. Осы кезде көптеген тапсырмалардың орындалмай жатқаны анықталды. Университет ректорлары мен білім басқармасының басшыларын осы себепті бүгін арнайы шақыртып отырмыз», - деді министр арнайы жиында.

ЖОО ректорларын кезек-кезек тұрғызған министр әшкереленген заңсыздықтар бойынша қызметтік тексеру жүргізілетінін айтты.

«Аудит барысында 57 пункт бойынша заңсыздық табылған университеттер бар.  Бір университет қызметкерлерді конкурссыз жұмысқа қабылдаған. Енді бір білім ордасы сабаққа қатыспаған магистранттарды прокуратура араласқаннан кейін ғана оқудан шығарған. Бір университет 28 студентке, тағы бір университет 128 студентке шәкіртақыны заңсыз тағайындаған», - деген Асхат Аймағамбетов қызметтік тексеру осы аталған кемшіліктерді растап шықса, жол берген ректорларға қатаң сөгіс жарияланатынын ескертті.

«Қазір жоғары оқу орындарына да, білім басқармаларына да халық тарапынан шағым көп. Кей облыстарда мұғалімдерге заңды еңбекақысы мен еңбек демалысының ақшасы әлі аударылмаған. Жұмысты жүйелендірмесек, жалпы білім саласына ел ішінде өкпе-реніш көп. Соны жойып, бассыздықтардың алдын алу қажет. Олай болмаған жағдайда бұрын сіңірген қызметтеріңізге қарамаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, соңғы 6 жылда мемлекеттік грантта оқитын студенттер мемлекет алдындағы міндетінен жалтаруға бейім болып алған.

Асхат Аймағамбетов мұндай бассыздыққа заңның солқылдақтығы жол ашып отырғанын айтады. 

«Министрлік студенттердің жұмысқа орналасу деректеріне мониторинг жасап отырады. Осы мониторинг соңғы 6 жылда грантта оқыған студенттердің ақырғы курста оқудан шығып кетуі жиілегенін көрсетіп отыр. Бір жылда 800 студент оқудан кеткен университеттер бар. Бұл заңнаманың солқылдақтығы деп айтуға болады. Осы солқылдақтықты пайдаланып, кейбір студенттер мемлекет алдындағы міндетінен жалтарып жүр. Жылдар бойы тегін оқып келеді де, соңғы курста шығып кетеді. Кейін оны ақылы негізде жалғастыра салады. Бұл - тегін оқыған жылдар үшін жолдама бойынша еңбек етпеудің немесе мемлекет шығынын қайтармаудың амалы. Заңнаманың осы кемшін тұсын бекемдеу қажет», - деді ол.

Министр қазіргі таңда жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беріліп отырғанын да атап өтті. Оның айтуынша, былтыр қосымша 20 мың грант бөлінсе, биыл тағы 5000 грант бөлінді.