06 мам, 2017 сағат 09:40

Әскери қызметшілердің еңбегі келер ұрпаққа үлгі-өнеге болады - Назарбаев

«Әскери қызметшілердің еңбегі келер ұрпаққа үлгі-өнеге болады».  Бүгін Ақордада еліміздің тыныштығын, Отанымыздың жерін, шекарасын қорғау үшін қызмет етіп жүрген бірқатар әскери қызметшіні мемлекеттік наградамен марапаттау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі жазады.

«Өздеріңізге белгілі, қалыптасқан дәстүр бойынша Отан қорғаушылар күні қарсаңында және Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісі қарсаңында біз көп азаматтарды, әсіресе әскери қызметшілерді марапаттап, тиісті шендерін беретінбіз. Бүгінгі кездесудің мәні басқа. Себебі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесі, оның үстіне Қарулы Күштеріміздің 25 жылдығы. Осынау мерейлі белеске ерекше ерлігімен көзге түскен азаматтарды марапаттағалы тұрмын», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті жердің тұтастығын қорғау, Отанның Тәуелсіздігін қорғау, жан аямай қызмет ету әскери қызметшілердің парызы екендігін әрі бұл қызметке келіп, үстіне  әскери киім киген кезде Отан үшін жанымды беремін деген ойда болғандықтарын баса айтты.

«Береке мен бірлігіміздің арқасында аспанымыз ашық, еліміз өркендеп-өсіп келе жатыр. Сіздер бейбіт өмірде де ерлікке  жол бар екендігін көрсетіп келесіздер. Сондықтан мен сіздерді істеген істеріңіз, қызметтеріңіз үшін әр салада көрсеткен ерліктеріңіз үшін бүгін марапаттаймын», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы бүгінгі марапатталғалы отырған әскери қызметшілердің өздерінің азаматтық, әскери парыздарын абыроймен атқарып жүргендерін атап өтті.

«Ел сүйсінген ерліктеріңіз, еңбектеріңіз келер ұрпаққа үлгі-өнеге болады. Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Жоғары мемлекеттік марапатқа ие болу сіздер үшін үлкен мақтаныш және үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта да бұл сенімнің үдесінен шығады деп сенемін», - деді Н.Назарбаев.