18 шіл, 2019 сағат 17:36

Асқар Мырзахметов Арыс қаласына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Арыс қаласына арнайы келіп, өңір штабының жұмысымен танысты. Аймақ басшысы облысқа тиесілі 3-сектордағы қаланы қалпына келтіру шараларының барысын көзбен көріп, 11 көшенің белсенді тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімі аталмыш бөліністегі арыстықтардың пікірі мен ой-ұсыныстарына құлақ түріп, штаб мүшелері мен жұмысшыларға жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқару керектігін тапсырды. Өз кезегінде 3-сектор аумағындағы тұрғындар әулиеаталық құрылысшылардың жұмысына көңілі толатынын жеткізіп, алғыс айтты.

Айта кетейік, бүгінде еліміздің барлық өңірі жұдырықтай жұмыла кіріскен Арыс қаласын қалпына келтіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Оның ішінде жамбылдық құрылысшылардың да белсенді еңбегін елеп айтуға болады. Облысқа тиесілі 3-сектордағы 50 тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Пайдалануға берілген бұл үйлерге қайта қоныстанған халық жамбылдықтарға дән риза.

Жамбыл облысына қарасты бұл бөлініс қаладағы жарылыс орын алған аумаққа ең таяу орналасқандықтан, апат кезінде ондағы үйлер мен нысандардың 90 пайыздан астамы бүлінген.

Қазіргі таңда 3-сектор аумағындағы қалпына келтіру шараларына жамбылдық 4 құрылыс компаниясынан 450-ден аса құрылысшы мен 21 теxника жұмылдырылған. Олар 242 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Еске сала кетейік, Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, смета жұмыстары жасалды.

Қираған 3 үйдің екеуі қайтадан салынып, біреуі толық жаңғыртылады. Қалған 309 үйге әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қажетті құрылыс материалдары күн сайын жеткізілуде. Тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылуда.