14 ақп, 2019 сағат 13:37

Асқар Мамин Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарымен танысты

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин ресми сапармен Түркістан облысына келді. Сапар барысында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласындағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарымен таныстырды,  деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

Асқар Мамин бастаған жұмысшы топ алдымен жаңадан салынып жатқан Әкімшілік-іскерлік орталықта болды. Бүгінде ондағы 48,4 гектар аумаққа бірінші кезекте салынуы тиіс 13 нысанды іске асыру үшін жер телімдері толығымен босатылған. Қазіргі таңда онда облыстық әкімдік пен басқармалардың және департаменттердің ғимараттары салынып жатыр. Бұдан соң Асқар Маминге 26 көпқабатты тұрғын үй мен 88 көпқабатты тұрғын үйдің және сауда орталықтардың құрылыс жұмыстары таныстырылды.

Айта кетерлігі, 1536 пәтерден тұратын баспананың 1200 пәтері (20 тұрғын үй) - арендалық үйлер, қалған 6 тұрғын үй, яғни 336 пәтер - кредиттік баспана. Іргетасы осы жылдың қыркүйек айында қаланып, мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан 60 пәтерлі 20 тұрғын үйдің 11-і (660 пәтер) осы жылдың сәуір айында  тапсырылады. Қалған 6 тұрғын үй (540 пәтер) құрылысы қараша айында басталған-ды. Тапсырылу мерзімі келер жылдың қараша айына жоспарланған. Жаңадан бой көтеретін 88 тұрғын үйдің 44-і 2019 жылы пайдалануға берілсе, қалған 44 үй 2020 жылы ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде.

Асқар Мамин бастаған жұмысшы топты облыс әкімі Жансейіт Түймебаев нысан басына өзі алып барып, Түркістанда бой көтеретін Қожа Ахмет Ясауи музейінің құрылысымен таныстырды. Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи мұражайының нысаны бой көтеруде. Аумағы 3200 шаршы метрді құрайтын музейдің құрылыс жұмыстарын аяқтау 2020 жылдың соңына қарай жоспарланып отыр. Бірінші вице-премьер құрылыс жұмыстарымен танысып, жұмысты қарқындатуды тапсырды.

Астаналық жұмысшы топ аялдаған келесі нысан - Әзірет Сұлтан қорық музейі болды.  Мұнда да құрылыс қарқын алып, мәдени-тарихи Визит орталығы тұрғызылмақ.

Сапар соңында Түркістан мен Қызылорда облысының өндіріс орындары өндіретін құрылыс  материалдары көрмесі өтті. Онда қыш, плита жабынды сынды құрылысқа қажетті жабдықтар қойылды.