23 там, 2019 сағат 11:29

Асқар Мамин Ақтөбедегі Оңтүстік айналма жол құрылысын қарап шықты

Ақтөбеге келген Үкімет басшысы Асқар Мамин жол құрылысы жоспарымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе қаласында 2011 жылдан бастап айналма жолдар салынып жатыр. Солтүстік айналма жол 2011-2013 жылдар аралығында салынып, қолданысқа берілді. Ал Оңтүстік айналма жолдың жұмыстары 2014 жылдан бері жалғасып келеді.

«Оңтүстік айналма жолының ұзындығы 35 шақырымды құрайды. Алдымен 21 шақырым жол салынды. Екінші кезеңде көпір құрылысы да бар. 2020-2021 жылдары аяқтау жоспарда бар. Ақтөбе қаласын айналып өтуге мүмкіндік беретін жолды толық аяқтау үшін тағы 2,8 миллиард теңге қажет. Үкіметтен қаржылық қолдау сұраймыз», - деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев.

Ал Ақтөбе-Орск тасжолының 16 шақырымына жөндеу қажет болса, биыл 8 шақырымы қолданысқа беріледі. Келесі жылы жұмысты аяқтау үшін республикалық бюджеттен 500 миллион теңге қаржы сұралды.

Айта кетейік, Ақтөбеде Батыс айналма жолы да дайындалып жатыр. Үшінші айналма жолдың техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.

Премьер-Министр көпір құрылысымен танысып, қаржы жайын да сұрады.

Еске салсақ, Ақтөбеге Үкімет басшысы жұмыс сапарымен келіп, тұрғын үй құрылысымен танысты.