19 қаз, 2016 сағат 10:16

Әсия Бағдәулетқызы. "Тараз" - еріккеннің ермегі...

Все это было бы грустно, когда бы не было смешно.
Неге бізде кәрісі де, жасы да “бәрі өзі” болғанды жақсы көреді? Сценарий авторы да өзі, режиссері де өзі, оған қоса басты рольді сүйікті өзі ойнауы керек. Соңында көтере алмайтын шоқпарды қоса көтерем деп, көтере алатын шоқпарына да шамасы келмей қалады.

Нұртас Адамбайдың “Таразында” да соны көрдік.
Иә, шындық қатал да қатыгез. Бірақ киноның бояуы бүгінгі күндікі емес. Тоқсаныншы жылдары, санасаң, отыз жыл бұрын түсірілуі керек “туынды” еді.

Нұртас “Келинка” үшін ұрыс естігенде “Шлагбаумды” көріп, ойлаған сияқты. “Аа, сендерге қараңғы кино керек па, мә”. “Еркебұлан керек па, мә”. Қараңғылық бар, негатив бар, пессимизм бар. Бірақ режиссерлік көзқарас, позиция туралы айтуға әлі ерте. Бұл тұрғыда Нұртастың фейсбуктағы посттары қызығырақ. Ал "Тараз", әлі де еріккеннің ермегі. Қорқақтардың атысы, кездейсоқ біреулердің бәрін қырып салуы... онымен ешкімді таңқалдыра алмайсың.

Бірақ мойындайық, кино әдемі басталып келе жатып еді. Таксисті қоспағанда, көліктегі төртеу. Бәрі үнсіз, сірескен беттер. Әрқайсысы өз ойымен.

Екі қыздың клубқа келе жатқан тұсынан бастап әсердің бәрі бұзылды. Бейкүнәлікті ойнаймын деп көзін қайта қайта бақырайта берген Г.Жоланованың қылығынан жасандылық басталды. Ары қарай атыс шабыс. Экранда кәдімгідей драма болып жатса, зал жырқ жырқ етіп күледі. Өйткені мұнда боевиктің схемасы бар да, қисын жоқ. Мысалы, ашулы Құдай сияқты Әлидей байдың баласы, әсіресе оны “неванильный красавчик” (Е.Тұрсыновтың сөзі) Жандос Айбасов ойнаса, қалаған қызына қолы жетпейді дегенге сену қиын. Немесе Айдар (Нұртастың өзі), атыс болып жатқан кезде өлген қызды айналып толғанып отырғаны несі? Өзін құтқару инстинкті қайда? Оның қасында Төлепберген Байсақаловтың “ақыры” сенімді. Жаны қыл үстінде тұрғанда Асандікі не махаббат? Немесе қалыңдықтың шкаф ағалары сонша жерден ат арытып келіп, Айдардың өліп жатқанын бір көріп кетуге де жарамады ғой...

Шыны керек, мұнда Еркебұлан Дайыровтан басқа көз тоқтататын ештеңе көрмедік. Еркебұлан кеше ғана жіптіктей бала еді, қазір бет жүзінде биография бар, ашынған адамдарды айнытпай кейіптейтін болыпты. Жай отырғанның өзінде көкжал сияқты, ал айқасқанда жаралы көкжал сияқты)). Нұртас “Таразға” қазіргі қазақ киносындағы бұқамойындар мен бетінен зәрі төгілгендердің бәрін жинаған, бірақ бәрі жабылып бір Еркебұланға партнер бола алмады. Ал томпиған бауырсақ Нұртастың өзі сол қатулы жүздердің арасына үйлесе алмай жүр.

Сосын бұл кинода саспенс жетіспеді. “Ойбай, жақындап қалды, қашыңдар, кетіңдер, әне, міне” деп орындықта отыра алмай кету деген жоқ. Содан да ма екен, “Тараздан” кейін тоймай қалып, Тим Бертонның “Мисс Перигриніне” кірдік. Кәдімгі ертегі сюжет, бірақ соншалықты алаңдайсың, елеңдейсің. Әй, бұл - қиял, фэнтезидің жанында “Тараз” деген тірі адамдар, өзіміздің қазақтар еді ғой. Жоқ. Сендірмейді. Зал әйтеуір қазақша боқтық естігеніне мәз болып қайтқан сияқты.

Әсия Бағдәулетқызы