01 мау, 2019 сағат 09:02

Ашаршылық және Жүсіп Әбдірахманов туралы ой-толғау

Мамырдың 31-і – саяси қуғын-сүргіндер және ашаршылық құрбандарының еске алу күні. 1931 – 1933 жылдарының ашаршылығы – ұлы жұт, зұлмат, нәубет, халқымыздың қилы заманы болып саналады.

Төрт миллион қазақтың екі миллионы құрбан болса, миллионға жуық адам шекарадан асып кетсе – бұл жай ғана ашаршылық емес, ұлттық трагедия.

Қазақтың тең жартысы аштан қырылды деген сөз.

Малсыз қалған ел жанын сақтап аман қалу үшін туған аулдарынан темір жол бекеттеріне, көмір кендеріне, балықты көлдің жағасына қарай қашатын болды. Жүздеген мың қазақ босқын болып, сыртқа көшіп, Сібірде, Қиыр Шығыста, Орта Азияда пана тауып, шекарадан асып, Қытайға, Моңғолияға, Иранға, Ауғанға кететін болды. Отызыншы жылдарының басында миллионға жуық халық Қазақстаннан басқа жаққа кетіп қалса, соның 400 мыңы ашаршылық зұлматы біткен соң, еліне қайтты. Қалған жарты миллионнан астам халық Қазақстаннан тыс қалып қойды.

Кейбір ауылдарда, аудандарда, аймақтарда ашаршылықтан қаза тапқан адамдардың саны халықтың 90 пайызына шейін жетті.

Аяусыз ажалдан құтқарылып, Сарыарқамен қоштасқан талай жан Новосібір, Барнаул, Кемерово жақта жанын бақты. Қаншама халық Өзбекістанда, Түрікменстанда, Қарақалпақстанда аман қалды. Біраз ел Алатаудан асып Қырғызстанда пана тапты.

Бұл қиын-қыстау кезінде ашаршылықтан көз ашпаған қазақтарға жәрдем қолын ұшын берген азамат – сол кездегі қырғыз үкіметінің басшысы Жүсіп Әбдірахманов.

Жүсіп Әбдірахманов небәрі 26 жасында Қырғыз Республикасының үкіметінің басшысы болып тағайындалды. Жүсіп Әбдірахманов жүргізген саясатының ең маңызды жетістігі – елінде ашаршылық зұлматын алдын алып, халықтың аштан өлуіне жағдайды жеткізбегені.

Қазақстанда Голощекин бастаған жандайшаптар «кіші Қазан төңкерісін» жүргізіп, елдің соңғы қойын тартып алса, Әбдірахманов Сталинның, Мәскеудің саясатына жергілікті үкіметінің басшысы ретінде қанша менен көнсе-дағы, ең алды менен өз елінің, өз республикасының қамын ойлаған азамат еді.

Мысалы, бүкіл КСРОда шаруалардың қамбаларынан бидай соңғы қабына дейін емес, соңғы дәніне дейін сыпырылып тартылып алынса, Қырғызстанның Жалалабад, Науқат және Араван Бура аудандарында бидайдың еркін саудасы енгізілетін болды. Яғни, мысалы, Украинада жүргізілген саясаттың кесірінен халық бір тілім нанға зар болса, Қырғызстанның оңтүстігінде нан сату мен сатып алу саласында еркін нарықтың элементтері қолданылған. Сонымен қатар, жұмысынан, өмірінен айрылуынан қорықпай, Жүсіп Әбдірахманов астық дайындау жоспарын орындап шолақ белсенділігін көрсетпей, азық-түліктің бәрін орталыққа жібермей, өз елінде біраз азық-түлікті қалдырды. Осылайша, Қырғызстанда ашаршылық зұлматы, мыңдаған адамды құрбан қылған нәубет бошлған жоқ.

Әрине, ашаршылықтың жеке жағдайлары, сонымен қатар өлім жағдайлары Қырғызстанда да болған. Бірақ, жалпы айтқанда, Қырғызстан ұлы жұттан аман қалған. Мыңдаған қазақ та Алатаудың ар жағында пана тауып, Әбдірахманов көрсеткен жәрдемін, созған жәрдем қолының ұшын сезген.

Қазақстың көбісі, ашаршылық басылғаннан кейін еліне, жанына оттан да ыстық Отанына оралса, біразы болса –  әлі күнге дейін қырғыз жерінде өмір сүреді.

Олай болса, ашаршылық құрбандарының еске алу күнінде, Жүсіп Әбдірахмановтың кезінде ашаршылықтан зардап шеккендерге көрсетілген көмегін де, өз елін ашаршылыққа жеткізбегенін де еске алуымыз жөн көрініп тұр.

Қазақ-қырғыз ынтымақтастықтың аясында жақында Бішкекте Абайдың, ал еліміздің астанасында Шыңғыс Айтматовтың ескерткіштері ашылады.

Екі елдің достығы үшін өте қуанышты жаңалық. Бірақ, бір күні елімізде Жүсіп Әбдірахмановтың да ескерткіші тұрғызылса, жақсы болмақ деп санаймын.

Асқар ДАЙЫРБЕК