#
#
Дүйсенбі 10/12/2018

Ашаршылық: куәгер кісінің естелігі

  • 28.05.2018
  • 0
  • 6891

ХХ ғасырдың 1931-32 жылдардағы ашаршылық –  қазақ халқының басынан өткен ең қасіретті нәубет. Бұл нәубет Сталин билігі тұсындағы большевиктік үкіметтің қолдан жасаған «қызыл қырғынының» ең сойқаны, ең қатігез іс-әрекеті болды. 

Оның Қазақстандағы ұйымдастырушысы – Ф.Голощекин. Ашаршылықтың басты мақсаты –табиғи қазба байлығы мол қазақ жерін индустриалды өндірістік өлкеге айналдыру үшін «мал шаруашылығымен айналысатын», «артта қалған, индустрия жарамсыз» жергілікті ұлтты «табиғи тұрғыда азайтып», Кеңес Одағының еуропалық бөлігінен индустияландыруға бейім жасампаз (жұмысшы табы (пролетариаты) қалыптасқан) халықтарды әкеліп орнықтырып, пролетариат диктатурасын нығайту деген коммунистік идеологияны жүзеге асыру болды.

Ашаршылықтың салдары­-нан, қазақ халқының саны екі есеге дейін кеміді: азып-тозды, шетелге ауды, сөйтіп, генофонды әлсіреді. Генофондтың басты белгілері – ұлттық қадір-қасиеті, мінезі, дүниетанымы өзгерді, тілі, рухани мәдениеті құлдырады, ақыры саны аз ұлттың біріне айналды. Салыстырыңыз: 30 жыл­­­­дарға дейін қазақтан саны едәуір аз болған өзбек – қазіргі таңда 32 миллионды құрап отыр­ған байтақ ел.

Ашаршылық біздің әулетке де «ащы тырнағын» салды. Менің атам Әбсадық Барақұлы бес ағайы­нымен 1928 жылы кәм­пес­келеуге ұшырап, бар малынан айырылады. «Өзен жағалаған­-ның өзегі талмайды» дегендей, ол Сырдария маңындағы өзен-көл­дерден балық аулап жан сақтап қалады. Ал нағашы әжем Кәшима Құлтайқызы ұжымдастыру және кәмпеске тұсында Қостанай өңірінде тұрмыста болып, отағасы «жас қыз алған бай-құлақ» деп жер аударылғаннан кейін Сыр­дағы нағашысына барып, жан сауғалайды. Ол кісінің ашар­шы­лық жайында өз аузынан айтқан әңгімесін тыңдап, жадыма тоқы­ған жайым бар еді. Сол естелікті оқырманға ұсынғым келеді.

Кәшима Құлтайқызы орта бой­лыдан сәл жоғары, денелі, ақсары келген сұлу, өте мейірімді кісі еді. 1912 жылы дүниеге кел­ген. Руы – Жаппастан тарайтын Мәметек Алтын. 1990 жылы 78 жас­қа қараған шағында дүние­-ден озды. Туған жері – қыс қыс­тауы Қармақшының маңындағы Қызылтам деген жер болса, жаз жайлауы – Тобылға құятын Әйет, Троицкінің іргесіндегі Үй өзен­дерінің бойы. Әжеміз жайлау­-дағы қоныстарын сағынышпен еске алып отыратын. Бірде ол жай­лаудан қыстауға қайтар шақ­та, яғни күз уақыты болғанда Троицкі қаласына баратын базар туралы айтса, енді бірде «сол ба­зарға соңғы рет 14 жаста бар­дым, екі жыл өткен соң мені қыр­да тұрмысқа берді» дейтін еді.

Кәшима тұрмысқа шыққан жылы әкесі Құлтай «жаман ауру­мен» (обыр) ауырып дүниеден өтеді. Бұл – 1928 жылдардың шамасы. Әжемнің тұрмысқа бар­ған жері орта дәулетті отбасы бо­лады. Бірақ отағасы «уыздай жас қыз алған бай-құлақ» деген үкім­мен кәмпескеге ілініп, Сібірге жер аударылады. Кәшима әжем жастай жесір қалады. Сол жыл­дары колхоздастыру басталып, жұрттың малы ортақ меншікке тар­тып алынады. Елге қатты тар­шылық келіп, жұрт жан сауғалап көше бастайды. Біздің болашақ әжеміз егіншілікпен, аңшылық-балықшылықпен айналысатын Сыр бойындағы Есентемір (ру атауы) Досқали атты нағашысына барып паналауды ойлайды. Осы­лайша, қолында бір түйіншек ора­малы бар жас келіншек жаяу-жалпылай Сырға қарай ауып бара жатқан жұртқа қосылады. Со­лармен бірге жаяу жүріп, Аралға келіп құлайды. Одан әрі Арал стансасында Қызылордаға қа­рай бет алып тұрған жүк пойы­зының қызыл вагонына мініп алады. Бір орыс солдаты келіп орысшалап «түс» дейді. Бұл қа­зақ­шалап «түс­пеймін» деп шы­рылдап жылап қоя береді. Вагонға таскенеше жабысып алған. Мұны әлгі сол­-дат әрі-бері жұлқылап, түсіре ал­маған соң кетіп қалады. Сол жүк вагонымен итшілеп Қызылорда стансасына жетеді. Пойыздан түсіп, жұрттан сұрай-сұрай Қы­зылорда қаласының маңындағы Қарауылтөбе деген жерден бес-алты шақырым жер­-де егіншілік, аңшылықпен күн көріп отырған нағашысы Есен­темір Досқали­дың үйін тауып алады.

Жергілікті орыстармен тамыр болып, аңшылық құратын Дос­қали өзге отырықшы қазақтарға қарағанда салыстырмалы түрде бақуатты болады. Аңшылықпен қатар егін егіп, балық аулап отыр­ғандықтан Досқалидың отбасы Сыр бойына ашаршылық келген кезде әупірімдеп аман қалады. Ашаршылық өткеннен кейін әжем­ді Досқали нағашысы көрші тұратын Әбіш Дәуітұлына (ол кезде оның әйелі қайтыс болған екен) тұрмысқа береді. Кәшима әжеміз атамызға бір ұл (жас ке­зінде шетінеп кетеді), бес қыз тауып береді. Бес қыздың үлкені Күлайым Әбішқызынан біз дү­ниеге келгенбіз.

Жалпы, әжем марқұм өте әң­гімешіл кісі болатын. Әжем ота­ғасы Әбіш Дәуітұлы дүниеден өтіп, бес қыз жан-жаққа тұрмысқа шыққан соң, ол Қызылорда ша­һарының қақ ортасында атамыз соққан үйде жалғыз тұрды. Оны жалғызсыратпайық деп шаһарда оқыған біз – жиен немерелері кезекпен-кезек қасында бола­тын­быз. Қызылорда пединсти­тутының студенті болған жыл­дары мен әжемнің үйінде жаттым. Күндіз сабақтамын, кешкі уақыт­та әжем екеуміз әңгімелесіп оты­рып ас-су ішеміз. Күні бойы іші пыса ма, әжем марқұм кешкілік көп әңгіме айтатын. Оның есте сақтау қабілеті таңғаларлықтай еді: өзінің жас кезінде болған оқиғалардың дерегін бүге-шүге­сіне дейін сақтап, оның мезгіл-мекенін, оған қатысқан кісілердің аты-жөнін, руын түгел айтып отыратын.

Әжемнің айтуынша, әкесі Құлтайдың екі әйелінен үш ұл, сегіз қыз болған екен. Бұл – қыз­дың ең кенжесі. Үш ұлдың екеуі қайратты, шаруаға пысық бо­лыпты. Бір ұлын қызылдар мен ақтар атысып-шабысып жатқан уақытта «қырға қарай жол көр­се­тесің», деп әскери-казактар алып кетіп, содан қайтпай қалады. Екін­ші ұлы Ақтөбе жаққа кіре (түйемен жүк тасу) тартып жүріп, диірменге бидай тартып әкелемін деп аттанып, жазатайым оқиға­-дан қайтыс болады. Кенже ұлы сауықшыл болып өсіп, шаруаға қырсыз болады. «Ағам таңертең үйден шығып, ауылдың түтінін аң­­­дып, қай үйде түтін шығып жатса, «Е, мына үйде омыртқа асып жатыр екен деп, сол үйге қарай домбырасын алып кетіп қалушы еді» деп отыратын әжем марқұм.
Бір күні қыстың ұзақ кешін­-дегі әңгімеміз 30 жылдардағы ашар­­шылық жайында болды. Ол әңгіменің басталуы да қызық. Қала­дағы бір таныс кісінің аты кез­дейсоқ аталды да, әжем ол кісінің әкесін білетін болып шықты.

Қызылорда шаһары мен оның маңындағы ашаршылық Арқа жақтан ауып, ашығып, арып-ар­шып келген жұрттың көбеюіне байланысты күшейе түседі. Аш-жалаңаш жұрт елдің малын, азық-түлігін ұрлап, базардан жұрттың сатып тұрған азықтарын тартып алып, елдің мазасын алады. Ақыры, базар тарап кетеді. Әсі­ресе, Батпаққара жағынан ауып келген қазақтар өте ашығып кел­ді. Тасбақа, кірпішешен, бақа-шаян жеу, бара-бара адам етін жеу солардың ішінен шыға бастайды. Жұрт сыртқа шығудан қорқатын күй кешеді. Әжемді үйіндегілер: «Сен семізсің, сойып жеп қоя­-ды» деп сыртқа шығуға тыйым салады. Ашыққан жұрт ісіп-кеуіп, далада өліп жатады. Аз уақытта Қы­зыл­орда шаһарында және оның ма­ңында жейтін нәрсе қал­маған­дықтан, ашыққан кісілер темір­жолдың бойымен оңтүс­тік­ке, Таш­кентке қарай жағалап кете барады…

Жаңағы атаған кісіміздің әкесі сол кезде жетім балалар үйінің арбакеші болыпты. Ол кісі арба­мен балалар үйінен шыққан өліктерді, сондай-ақ қаланың ішінде аштан өлген адамдардың денесін теріп алып, қаланың оң­түстік-шығысындағы орға апа­рып төгеді екен. Кәшима әжем­-нің айтуынша, аштан қайтқан жандар мен балалар үйінде өл­гендердің денесі көмілген ор қа­зіргі Қызылорда қаласының «Южный» ауданындағы қалалық перзентхананың маңы. «Таңертең ертемен көшеден сықырлап, ши­қылдып өтетін арба дөңгелегінің дыбысы аштан өлген марқұм­дар­дың артынан оқылған жаназасы іспеттес еді. Оларға мұсылмандық жаназа да бұйырмады…» деп күр­сінді әжем.

Ашаршылық жылдары Арқа­дан Сырға ауып келген жұрттың дені – Торғай өңірінен екен. Өйт­кені Сыр мен Торғай арасы – қа­зақтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі көш мар­шруты. Бұл көштің жол бойында қолдан қазылған құдықтары бол­ған. Әжемнің «Батпаққара» деп отырғаны – Торғай өңірі. Кейін қазақтың тарихын тереңірек біле бастаған кезімізде Батпаққара жұртының қатты ашыққан се­бе­бін қолдан жасалған саясаттың салдары екенін түсіне бастадық. Батпаққара, яғни Торғай өңірі Алаш қозғалысының алтын бе­-сігі, аптал азаматтар дүниеге келген өңір (А.Байтұрсынұлы, М.Ду­латұлы), патша мен Кеңес үкіметінің қысымына қару алып, көтеріліске шыққан жұрт (Амангелді, Кейкі батыр, Әбді­ғаппар, Шолақ Оспан) екенін таныдық. Коллективтендіру мен кәмпеске кезінде «Батпаққара көтерілісі» деген оқиға болғанын білдік. Қанын ішіне тартқан большевиктер аштық арқылы осы өңірдегі рухы биік жұрттың қатты қырылғанын қаласа керек…

Марқұм нағашы әжем (жатқан жері жаннатта болсын) Құлтай­қызы Кәшимадан 30 жылдар­дағы қуғын-сүргін, ашаршылыққа қа­тысты естіген әңгімемнің ұзын-сонарының шектелер шегі – осы. Біздің бұл әңгімеміз біз жақтан шектелгенмен, халқымыздың басы­нан өткен қасірет-қайғы, нәубет туралы деректер, айтыл­маған сырлар әлі көп деп ойлай­мыз. Украина жұрты 20-30 жыл­дарда аштықтан қайтқан мил­лион­даған кісілердің тізімін жа­сады, сол нәубет туралы жұрт­тың естеліктерін жариялап, үлкен жұ­мыстар атқарды. БҰҰ тара­пынан, Украинада болған аштық геноцид деп бағаланды. Ал Қазақ­стандағы аштық Украинадан да сорақы болған еді. Бұл біздің жұрт­ты да ойландыратыны анық.

Алмасбек ӘБСАДЫҚ, 

филология ғылымдарының докторы,

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың профессоры

"Айқын" газеті

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар