#
#
Жұма 23/06/2017

Ашаршылық: дерек пен дәйек

  • 31.05.2017
  • 0
  • 486

Еліміз тәуелсіздік алған соң тәубемізге келіп, өлгеніміз тірілгендей, өшкеніміз жанғандай күйді бастан кештік. Тірілгені сол – тоталитарлық жүйенің құрбаны болған тұлғаларымыз ақталды. Жанғаны сол – Кеңес өкіметі бүркемелеп келген ащы шындық айтыла бастады. Тәуелсіз Қазақстанның ең алдымен қолға алған іргелі ісінің бірі ақтаңдақ жылдардың ақиқатын ақтаруға бағытталды. Сөйтіп, 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп бекітті. Соңғы төрт жылдан бері Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтіліп келеді. Міне, содан бері азаттық жолында құрбан болғандарды еске алып, тарихтың қасіретті кезеңі туралы деректер төңірегінде сөз болады.

Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Оты­рық­шыландыру жөнін­дегі республикалық коми­теттің 1931 жылы 14 жел­тоқсандағы мәжілісінде мемле­кет­тік жоспарлау мекеме­сінің ресми мәліметі тыңдалған. Бұл бойынша Қазақстандағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтар санының 706 мың екені атап көрсетіледі. Олардың 42 мыңы, яғни, 5 пайызы ауқат­тылар қожалықтары еді. Бұл дегеніңіз сол жылдары осы мекемеде қызмет жаса­ған М.Г.Сириустың есебі бойынша 4 млн 236 мың қазақ болып шығады. Ол кезде Қазақстандағы бар­лық ауыл халқының саны (басқа ұлттарды қосып есептегенде) – 5 млн 800 мың­нан асып түсетін.

* * *

Қазақ халқының саны 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу науқанынан бастап қысқара бастаған. Бұл мәселеде де нақты мұрағаттық дерек бар. Ол бойынша 1928 жылы қазақтардың барлық қожалықтарының саны – 828 мың (яғни, 4 млн 800 мыңнан астам адам) екенін көреміз. Бұлар­дың 120 мың қожалығы оты­рық­шы болса, 700 мыңнан астамы көш­пе­лі және жартылай көшпелі еді.

* * *

Қазақстанның мал шаруашы­лығының тауарлы өнімдері Одақтың өнеркәсіп­ті аудандарын, астаналар – Мәскеу мен Ленинградты, Орта Азияның мақта өсіруші аудандарын етпен асырады. Қазақстанның мал өнімдері Қиыр Шығысқа да жөнелтіліп отырды. Егер де Қазақстанда 1926 жылы 25 млн 729 мың бас мал болса, ол көрсеткіш 1933 жылы – 37 млн 327 мыңға, 1936 жылы – 44 млн  347 мың басқа, ал, 1941 жылы – 61 млн 871 мың басқа артады деп жос­парланды. Алайда 1928 жылдан мал басының кемуі орын ала бастады.

* * *  

1930 жылдың көктемінде Ораз Исаев бастаған мем­ле­кеттік комиссия мал басы­ның 30 пайызға кемігенін анық­тады. 1929-1930 жыл­дары бай, кулактар малы­ның 40 пайызға жуығын кол­хоз-совхоздардың тар­тып алуы мал басының кемуіне тікелей себепкер болды. Нәтижесінде, Қазақ­стан­дағы мал басы 1929 және 1933 жылдар аралығында 16 есеге азайып кетті. Сов­хоз­дардағы малды есепке алма­ғанда Қазақстандағы мал басы 1929 жылы 39 млн 394 мың бас болса, ал, 1933 жылы 2 млн 428,2 мыңды құрады. Жалпы алғанда, Қазақстанда 40 миллионға жуық малдан 1933 жылдың ақпан айында 4 млн бас қана мал қалды.

* * *

Қазақстанның Егіншілік Халық Комиссариатының (Наркомзем) мәліметтері бойынша 1930-1932 жылдары Қазақстандағы ауыл халқының кемуі 1 млн 831441 адам деп көрсетілген. Мұн­да 1933 жылғы мәлімет көр­сетіл­меген. Осы жылдары Қазақ­станның санақ басқар­масы (Казнорхозучет) бас­ты­ғ­ының орынбасары Н.Мац­кевичтің мәліметіне қарасақ, бір ғана 1933 жылы қысқарған ауыл халқы 1 млн 70,5 мың адамды құрайды, яғни, барлығы ауылда 1930-1933 жылдары азайған ха­лық­тың саны 2 млн 900 мың­нан асып кетеді.

* * *

1937 жылдың 14 ақпа­нын­да республика санақ бас­қар­масының бастығы Саматов­­тың Мәскеудегі бастығы Краваль­ға және Мирзоянға жолда­ған мәлі­меті бойынша 1930 жылы 1 мау­­сымда ауыл халқының саны – 5 млн 873 мың адам (оның ішінде қазақтар 4,5 миллионнан асып түсетін) болатын.

Л.Мирзоянға жазылған «Алтаудың хатында» ресми мәліметтер де бар. Онда хат автор­лары Қазақ­станның Қазсовнар­комының мәліметі бойынша 800 мың қазақ шаруашылығынан (4 млн 800 мың адамнан) 1932 жылдың көктемінде 450 мың қазақ шаруашылықтары (2 млн 250 мың қазақ) қалғанын атап көрсетеді.

Деректер тарих ғылым­дары­ның докторы, профес­сор Т.Омар­­бековтің «Ашар­шы­­лық: деректерді талдау нәти­­же­лері» мақаласынан алынды.

egemen.kz

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар