15 қар, 2017 сағат 10:19

Асанов құқық қорғау саласы қызметкерлерінің бойына сіңген "ауру" туралы айтты

Мәжілістің пленарлық отырысында сөйлеген Қазақстан бас прокуроры Жақып Асанов құқық қорғау органдары саласы қызметкерлерінің санасына сіңіп қалған жағымсыз әдеттер туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратBaq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Біздің органдарда бір ескі ауру бар. Біз өзімізді қылмыстық істің иесі санаймыз. Сөйтіп, күдіктінің тағдырын қолда ұстап отырғанымызға мақтанамыз. Бұл кеңес заманынан келе жатқан ауру, санамызға сіңген әдет, қалыптасқан менталитет. Мен мұны мойындаймын, өйткені 1986 жылдан құқық қорғау жүйесінде жұмыс істеп келе жатырмын. Бұдан қалай арыла аламыз?», - деді Асанов.

Ол басқа елдер сияқты қылмыстық істі цифрлау қажеттігін айтты. Мұның маңызын бас прокурор былай түсіндірді.

«Біз әріптестерімізді қателіктен сақтап, түрмеден қорғаймыз. Өкінішке қарай, істі болып жатқан әріптестеріміз өте көп. Мәселен, бір жылда ұстаған прокурорлардың көптігі сонша, біз 15 жылда мұнша прокурорды ұстаған емеспіз. Бізге бұл оңай емес. Бірақ солай істеуге тиіспіз. Бас прокуратураға арыз жазса, біз істі аймақтан сұраймыз. Ол бізге жетуі үшін екі апта керек. Сосын тергеуші де барлық құжатты жібермейді. Өзінің кемшіліктерін жасыру үшін ол кей құжаттарды алып қалады. Сосын мен оған сене алмайтынымды, кей фактілер мен дәлелдер оның сейфінде қалғанын айтам. Цифрлы формат ең әуелі қылмыстық істе тәртіп орнатады, осылайша қызметкерлердің санасында өзгеріс болады», - деді ол.

Жақып Асанов осы арқылы жұртшылықтың сеніміне ие болуға мүмкіндік туатынын айтады. Бас прокуратура 2018 жылы қылмыстық процесті түгел цифрлауды жоспарлап отыр.

«Арыз келіп түскен уақыттан бастап, тергеу барысы, істің сотта қаралуы және жазаның орындалуына дейін қамтимыз. Яғни әрбір іске қатысты сот алды тергеуден бастап, немесе жазасын өтеуге кеткенге дейінгі бүкіл процесс цифрланады. Меніңше, бұл жақсы нәтиже береді. Бізге келген шетелдік сарапшылар мұндай тәжірибенің Сауд Арабиясы, Литва, Грузияда да бар екендігін айтты. Бірақ ол жақта тек сотқа дейінгі тергеу цифрланады», - деді Асанов.

Мәжілісте талқыланып жатқан құқыққорғау қызметінің процессуалды негіздерін жаңғырту мәселелеріне байланысты ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ҚР ҚПК, «Шұғыл іздестіру қызметі туралы», «Прокуратура туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады. Ұсынылған түзетулер қылмыстық процесте азаматтардың қорғаныш деңгейін жоғарылатуға, қылмыстық істерді тергеу процедураларын жеңілдетуге, адвокаттардың процессуалды мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қылмыстық процесте жарыспалылықты жоғарылатуға, сотқа дейінгі кезеңде сот бақылауын одан әрі кеңейтуге бағытталған.