#
#
Сейсенбі 10/12/2019

Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық кеші өтті (фото)

  • 12.05.2017
  • 0
  • 2811

Бүгін М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында көрнекті актер, режиссер, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімовтың 80 жасқа толуына орай салтанатты кеш өтті.

Кеш тізгінін Азамат Сатыбалды, Зарина Карменова, Ақберген Жұмабай және Жәнел Мақажанова ұстады. «Салтанат» би ансамблі және театр артистері бүгінгі шараның шымылдығын ашты. Ретро машинамен сахнаға шыққан Асанәлі Әшімовті жиылған көпшілік кең залды кернеген овациямен қарсы алды. Актер халқымыздың біртуар ақыны Қасым Аманжоловтың «Ей, тәкаппар дүние» өлеңін оқып, өнерсүйер қауымды тебірентті. Кеңес Одағының халық артисі Бибігүл Төлегенова мен Асанәлі Әшімов көрермендер назарына «Еңлік-Кебек» спектаклінен үзінді ұсынды.

ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы құттықтап, ҚР Президентінің құрмет грамотасын табыс етті. Құрманғазы атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Бекежан, Жібек, Шегенің арияларынан үзінді ойнап, киелі сахна мен залды әуезді әуенмен әуелетті. Арияларды театрымыздың жас артистері Асан Мәжит, Салтанат Бақаева, Әзімбек Байлин орындады.

Алматы қаласының әкімі – Бауыржан Байбек құттықтау сөз сөйлеп, Асанәлі Әшімұлына жылы лебізін білдірді.

Құрманғазы атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Арман Жүдебаевтың бас дирижерлігімен «Сарыарқа» күйін орындады. Қазақтық қара домбырасының күйі күмбірлеген салтанатты кеш Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының орындауындағы «Айттым, сәлем, Қаламқас» әнімен жалғасын тапты.

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, мемлекет қайраткері – Бірғаным Әйтімова құттықтау сөз сөйлеп, ыстық ықыласын білдірді. Қолына қалам алып тебіренген, тағылымды тағдыр иесі – Асанәлі Әшімұлын Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын-драматург Нұрлан Оразалин құттықтады. Құттықтау сөз кезегін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы – Қайрат Мәми, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары – Мұхтар Құл-Мұхаммед жалғастырып, халық сүйіспеншілігіне бөленген актерге ізгі ниеті мен тілектерін жолдады. КСРО Халық артисі, Ресей мемлекеттік сыйлықтарының иегері, актер, режиссер – Олег Табаков және КСРО Халық артисі, Армения мемлекеттік сыйлықтарының иегері – Армен Джигерханян жолдаған құттықтау хаттары оқылды.

Кештің негізгі себепшісі – Асанәлі Әшімов монолог оқып, «Ильканто» тобы қазақ киносының әндерінен попурри орындап, жұртшылықты өнердің нәрлі дәмімен сусындатты.  Киелі театр сахнасында  Қалибек Қуанышбаев театрының «Дон Жуанның думаны» спектаклінен үзінді қойылып, жиналған қауымды бір серпілтті.

Рухани азық іздеген көрермен бүгінгі кештен түгесілмес жаназық, қайталанбас әсер алып қайтқаны ақиқат. Өткерген жылдары өрнекті, өмір жолы өнегелі Асанәлі Әшімұлы қазақ елінің мәдениетіне сіңірер еңбегі мен өскелең ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі әлі де өз бағасын алып, құрметке бөленері хақ!

Нұртас ТҰРҒАНБЕК

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар