18 сәу, 2017 сағат 13:01

Асанәлі Әшімов. Рухани байлық бар жерде, елдің бірлігі де нығая түспек

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – күн тәртібіндегі мәселелерді көтеріп тұрған ауқымды жоба, стратегиялық құжат. Дамыған елде руханият бірінші орында тұрады.

Руханият барлық адамға азық. Елбасы мақаласы өте маңызды әрі күрделі. Бұған дейін саяси, экономикалық мәселелер көбірек қозғалып келді. Бұл жолы Елбасымыз рухани жаңғыру мәселесін көтеріп отыр. Өйткені, рухани байлығы мол адам ғана шын мәдениеттің дамуына үлес қоса алады.

Рухани байлық бар жерде, елдің бірлігі де нығая түседі. Елбасы өз мақаласында туған жерге қамқорлық туралы, қала мен даланың арасын жақындатайық деген концепцияны ұсыныпты. Бұл да қазіргі жағдайда керек дүние. Жүрегімізге қонды.

Бұдан бөлек,  латын әрпіне көшу мәселесі қозғалған екен. Құрастырушылардың айтуынша, латын қарпі тек қазақ мектептерінде ғана болады. Бұл қазақ тіліне ғана қатысты екен. Ал, орыс мектептерін қайтпекпіз? Бүгінде орыс мектептерінде қазақ балаларының 70 пайызы білім алады. Сонда, сол 70 пайызды қайда қалдырамыз?

…Екі тарау мен алты тармаққа, алты тапсырмаға құрылған  Елбасы бағдарламасы – рухани кеңістігіміздің жаңа жаңғыруының жарқын нышаны.

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ, Қазақстанның, КСРО-ның Халық әртісі