23 там, 2019 сағат 12:10

Арзан пәтер уәде еткен әйел оралдықтарды 54 млн теңгеге алдады

Оралда арзан пәтер алып беруге уәде еткен әйел тұрғындардың 54 млн теңгесін иемденген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 36 жастағы әйелге қатысты ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігіне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Ол тұрғындарды кепілдікте тұрған арзан пәтерлерді алып беремін деп алдаған. Бір-екі бөлмелі пәтерді 2-5 млн теңгеге бағаласа, екі-үш бөлмелі пәтерлер үшін 5-7 млн теңге сұраған. Бұл – нарықтағыдан екі-үш есеге арзан.

Тұрғын үйдің кілтін алмастан, ақшаны қолына ұстатып, әйелдің арбауына түскен адамдардың бірі туысқанына айтып, екіншісі дос-жарандарына жеткізіп, «арзан» пәтер алуға шақырған.

Осылайша, баспаналы болуды армандап, сан соғып қалғандардың саны жиырмаға жетіп жығылады. Арыздар әлі де түсіп жатыр. Алданғандардың қатарында зейнеткерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер бар. Олар ең азы 500 мың теңгесінен, ең көп бергені 7,2 млн теңгесінен айырылып қалған. Алаяқ әйел олармен байланысқа шығып, пәтерлердің кепілдікте тұрғанын, құжат толтыруда қиындықтар туындап отырғанын айтып, түбі үйлі болатындарына сендіріп келген. Тіпті кейбірі пәтерді жылдап күткен.

Қазіргі кезде тергеу изоляторында отырған әйел бұдан бұрын да алаяқтығы үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол жәбірленушілердің 54 млн 450 мың теңгеге жуық ақшасын қолды еткен.