#
#
Сейсенбі 19/03/2019

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Полторанин допинг қолданған жоқ

  • 12.03.2019
  • 0
  • 219

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин қан допингін қолданған жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі  WADA-ға арнайы сұраныс жіберіп,  аталған агенттік қазақстандық спортшы тарапынан допинг қолдануға ұмтылу әрекетінің болғандығын растаған.

«Бақытымызға орай, Полтаранин қан допингін қолданбаған. Бірақ Германияда дәрігерге барып, қан тапсырған. Бұл дәлелденген. Қазір адвокаттармен және заңгерлермен байланысып отырмыз. Спортшының кінәсі допинг пайдалану емес, оны пайдалануға әрекеттену. Бас жаттықтырушы да қан құйдырмағанын айтып отыр.  Өз қанын қабылдау болған жоқ. Австриялық полиция қызметі де ресми мәлімдеді. Біз сұраныс жіберген едік», - деді министр.

Сонымен қатар, ол «спортқа қарсы әрекетке» баруға түбегейлі қарсы екендігін баса айтты.

«Спорт саласындағы заңнамаға өзгертулер енгіземіз. Нормалар, кім допинг қолданса, соған жаза қарастырады. Біздің ұстанымымыз айқын - допингке қарсымыз. Ол еш уақытта жақсылыққа апармайды. Медаль соңынан қуу түбінде әшкере болады. Оның бізге қажеті қанша? Лондон Олимпиадасы болғанда 7 медаль алған спортшыларымызды құрметтедік. Содан кейін 4 алтын медальды қайтарып алды. Мұндай фактілердің қажеті қанша? Сондықтан заңнамаға қатаң норма енгіземіз»,  - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Естеріңізге салсақ, 27 ақпанда неміс журналисі Хайо Зеппельт Твиттерінде Австрияның Зеефельде қаласында шаңғы жарысынан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан, Австрия мен Эстония спортшылары антидопингтік ережелерді бұзды деген күдікке ілінгенін жазды. Олардың қатарында Алексей Полторанин да бар еді.  

Сондай-ақ, министр баспасөз мәслихатында Алматы облысындағы тау шаңғысы курорттары бір аспалы жолмен байланыстырылатынын айтты.

«Ең алдымен Алматы облысында тау шаңғы спортын дамытамыз. Қазір Шымбұлақта адам өте көп. Оның жанында Табаған бар. Орман ертегісі деген жерден тау шаңғысына арналған тағы бір курорт салынып жатыр. Талғар ауданында Ақбұлақ бар. Біздің ендігі мақсатымыз - олардың барлығын бір аспалы жолмен біріктіру», - деді министр.

Оның айтуынша, Алматы облысындағы тау шаңғысы курортына демалуға келген адамдар жол машақатын тартып жатады. Мәселен, Шымбұлаққа бару үшін  бүкіл қаланы басып өтіп, Медеуге барып, одан кейін ғана діттеген жеріне жетеді.

«Ал енді әуежайға келген адам 10 шақырым жердегі Бесқарағайға немесе Ақбұлаққа барады. Ол жерде қонақүй, барлығы орналасады. Одан кейін аспалы жолға отырып Шымбұлаққа, Табағанға бара алады. Қазір тау шаңғысы үшін Оңтүстік Корея мен Еуропадан өте көп адам Алматыға келеді. Алатау біздің жұмағымыз десек те болады, әппақ қар бар, күн жарқырап тұрады. Басқа елдерге барсаң, суық», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар