16 жел, 2016 сағат 19:07

Арыстанбек Мұхамедиұлы. "Алмас қылыш" фильмі қаңтар айынан бастап көрсетіледі

Құрметті достар!

Бүгін Астана қаласындағы "Қазақстан" орталық концерт залында "Қазақ Елі" сериалының кинонұсқасы – "Алмас қылыш" фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл ауқымды тарихи жобаның авторы – ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ "CentaurusRustemAbdrashevproduction" ЖШС-нің қатысуымен түсірілген.

Елбасы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: "Керей мен Жәнібек –Шыңғыс ханның ұрпақтары. Олар 550 жыл бұрын Шудың бойында Қазақ хандығын құрды. Соның бәрі біздің жастарға, біздің ұрпағымызға тамырымыздың терең екенін көрсетеді. "Тамыры терең қара емен, қасқая күтер дауылды" деген нақыл бар. Тамырың терең болса, қандай дауыл болса да қасқая көтересің. Тарихымызды зерттеп, халқымыздың тарихымыз туралы білімін арттыру қажет", - деген болатын. 

Фильм туралы: ХV ғасырдың орта тұсы. Қара теңіз жағалауынан Моңғолияға дейінгі Еуразия кеңістігінде бір кезде зор қуатты империя болған Алтын Орда құлағаннан кейін бірнеше жеке хандықтар құрылды. Олардың ішінен қазіргі Қазақстанның аумағын жайлап жатқан Ақ орда ерекшеленді. Ақ орда билігі Шыңғысханның немересі, Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің әулетіне тиесілі болды. Арада уақыт өте келе Шайбаниттердің кіші тармағынан шығатын Әбілқайыр өз билігін күшейтіп, жеке хандық құрды. Ол көшпенділерге қатыгез, аяусыз саясат ұстанған болатын.

1460 жыл. Орда Еженніңұпақтары– Кереймен Жәнібектің айналасына біріккен ондаған мың көшпенділер ақсақалдар кеңесінде шешім қабылдап, Әбілқайырдан бөлініп шығады. Сұлтандар Моғолстанның шекарасына дейін жеткенде, жергілікті билеуші Есен-бұға оларға қоныс беруге келіседі. Есімі аңызға айналған абыз Асанқайғы да көшке ілесіп, бөлініп шығуға себеп болған оқиғаларды жырына қосады.

Жәнібек пен Керей Әбілқайырдың хандығынан бөлініп, өз ұлыстарын құруға бекінді. Керей мен Жәнібекке қосылған рулардың басшы-билері құрылтай өткізеді. Ең алдымен, жұдырықтай жұмылған ынтымақ керек екенін ескерген олар Керейді хан сайлап, Қазақ хандығының құрылғанын паш етеді. 

Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің "Алмас қылыш" романының негізінде жазылған. 

Фильмнің режиссері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдірашов. Ол "Құрақ көрпе", ""Қаладан келген қыз", "Сталинге сыйлық", Елбасы жолы киноэпопеясының: "Балалық шағымның аспаны", "От-өзен", "Теміртау", "Тығырықтан жол тапқан" атты кинотуындыларының авторы.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы және Алматы облысында өткен. Түсірілімнің бір бөлігі "Қазақфильмнің" павильондарында құрылған декорацияларда, сонымен қатар киностудияның аумағында суретшілер тұрғызған Шайбаншаһтың сарайында өткен. Фильмді жасауға 500-ден астам адам жұмылдырылған, олардың 200-ге жуығы түсірілім тобының мүшелері. Түсірілімдер бес айға созылып, 30 нысан пайдаланылған.

"Алмас қылыш" фильмі жалпыұлттық прокатқа 2017 жылдың қаңтар айынан бастап шығады.

Қоюшы-режиссері: Рүстем Әбдірашов
Сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов, Рүстем Әбдірашов
Қоюшы суретшілері: Өмірзақ Шманов, Сәбит Құрманбеков, Еділ Нүсіпов пен Жаннат Баймұқанованың қатысуымен
Қоюшы операторлары: Сапар Койчуманов, Александр Плотников және Андрей Маслов.
Бас продюсері: Арман Әсенов
Фильмнің продюсері: Іңкәр Әбдіраш
Композиторы: Әбілқайыр Әбдіраш
Басты рөлде: Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Мадина Есманова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Дінмұхамед Ақымов және басқалар.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының фейсбуктегі жазбасынан