15 қаң, 2018 сағат 07:52

Арыстан баб кесенесі қайта жаңғыртылды

Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы Арыстан бабтың кесенесі оңтүстік өлкесінде орналасқан. Көне Отырар жеріндегі Арыстан баб кесенесі ХІІ ғасырдағы сәулет өнерінің туындысы. Кесене Арыстан баб өмірден өткеннен соң, көп уақыт өтпей тұрғызылған. Құрылысқа көлемі 18х9х3,5 және 19,5х15,5х4,5 см келетін күйдірілген қыштар пайдаланылған. Уақыт өте келе құрылыс құлап, жермен-жексен болған. Кейіннен Әмір Темірдің ықпалымен XIV-XV ғғ. Аралығында Арыстан баб қабірі үстіне қайта тұрғызылды. Құрылысқа көлемі 24х24х4,5 см келетін күйдірілген қыш пайдаланылған. Қазіргі таңда кесене ішінде осы кезеңге тән, ағаштан жасалған оюлы тіреулер сақталған. 2004 жылы Арыстан баб кесенесінің көрханасында жүргізілген консервациялық жұмыстар барысында 35 см тереңдіктен Х-ХІІ ғғ. салынған кесене қалдығы анықталған болатын.

«Казреставрация» мамандарының 1978 жылы Арыстан баб кесенесіне жүргізген экспедициясынан кейін беретін мәліметтерде 1909 жылғы қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін бір күмбезді кесене жанынан екі қабірхана қосып салынғандығы айтылады. Кейбір деректерде ХХ асырдағы жасалған қайта қалпына келтіру жұмыстарына дейін  XVIII ғасырда да қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген деп көрсетіледі. Ал 1971 жылы кесене апатты жағдайына байланысты қайта тұрғызылды. Кесенені апатты жағдайға алып келген, жер асты суларының өз мөлшерінен әлдеқайда биік болуы және де алынған су сараптамаларының қорытындысы бойынша жер асты суы бетонның тез тозуына әсер ететін агрессивті қасиетке ие.

Кесенені қайта қалпына келтіру жұмыстары 1986-1989 жылдары да жүргізілген. Араға жиырма жыл салынып, қазіргі «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының мамандарымен кесенеге желдеткіш жүйесі орнатылды. Содан кейін ғана, грунт суларының әсерінен болатын кірпіштердің қараю процессі тоқтады. Біз жоғарыда атап көрсеткен жылдар тек ауқымды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген уақыт. Ал арасында ағымдағы жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары атқарылып отырған.

Арыстан баб кесенесіне 2016-2017 жылдары толық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кесененің мешіт жақ бөлігінің шатыры қайта жаңартылып, шатыр астына ылғал мен суықтан қорған ретінде қамыстан түптөсем төселді. Және де грунт суларының әсерінен біршама көтерілген еден астындағы топырақ жарты метр шамасында тазартылып, арнайы USB еден салынды. Аталған еден ылғал мен суды және суықты ұстап тұратын қасиетке ие. Бұл жұмыстардан бөлек, есіктер пен терезелер алмастырылды. Еден орнату жұмыстарынан кейін, еденкемер орнатылып, жаңадан жапсырма кілем төселді. Ағымдағы жылға жоспарланған қайта қалпына келтіру жұмыстары қараша айында толығымен аяқталды. Келесі жылы да  Арыстан баб кесенесіне қатысты жұмыстар жоспарланған.