24 мау, 2019 сағат 14:45

Арыстағы жарылыс: облыс әкімі бүлінген әлеуметтік нысандарды аралап шықты

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында жарылыстан бүлінген әлеуметтік нысандарды аралап шықты. Бұл туралы облыс әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов өзінің Фейсбук парақшасында жазды.

«Облыс әкімі Арыс қаласында бүлінген инфрақұрылымдық әлеуметтік нысандарды аралап шықты. Атап айтқанда, Өмірзақ Шөкеев балабақшаны, қалалық аурухананы, ІІБ ғимараты мен тұрғын үйлерді аралады. Тұрғындарды әлі де эвакуациялау жұмысы жүргізіліп, бұл мақсатта 105 көлік жұмылдырылды. Арыс қалалық ІІБ-дегі негізгі штаттан бөлек, 345 қызметкер мен 75 арнайы көлік, шұғыл жәрдемнің 51 экипажы жұмылдырылды. ТЖ тарапынан 201 қызметкер, Түркістан облыстық және Шымкент қалалық ТЖД-ның 26 арнайы техникасы тартылды» деп жазды өңір басшысының кеңесшісі.

Сондай-ақ, Сәкен Қалқаманов келтірілген шығын алдын ала есептеліп, қаланың өміріне қажетті жедел шешімдер қабылданғанын да жазды.