11 шіл, 2019 сағат 15:23

Арыстағы темір жол депосы қоймасынан өрт шықты (Видео)

Арыс қаласында темір жол депосы қоймасынан өрт шықты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Арыс қаласындағы темір жол депосының ТЧЭ 32 цехында өрт шықты. Барлық өрт сөндіру қызметі жалынды ауыздықтауға жұмылдырылды. Өртті сөндіруге ТЖҚ жеке құрамынан 55 адам мен 8 техника тартылған. Алдын ала болжамдар бойынша, өрттің шығуына вагондарды жөндеу кезінде дәнекерлеу құралын дұрыс пайдаланбау себеп болған. Өрттен қала тұрғындарының өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Төтенше жағдайды мамандар бақылауына алған»,- деді Сәкен Қалқаманов.


Естеріңізге сала кетейік, 24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.

Ресми деректерге сүйенсек, оқиға салдарынан үш адам қаза тапқан – екі әскери қызметкер мен бір жергілікті тұрғын.

Жарылыс болғаннан кейін төртінші күні тұрғындар Арыс қаласына қайтты.