10 шіл, 2019 сағат 16:17

Арыстағы тазалау жұмыстары тағы 2 айға созылуы мүмкін - министр

ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы оқ-дәрі қалдықтары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір Арыста мобильді топтар мен саперлер тобы тұрақты жұмыс істеуде. Өздері тексеру жүргізіп, қауіпті заттарды алады. Табылған қалдықтардың 90 пайызы қауіпсіз, олар - жай ғана металл сынықтары. Бірақ, кейбір заттарды кескенде немесе отқа салғанда қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан, бағалы металл деп құнықпай, мамандарды шақырған жөн», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, негізгі жұмыстар әскери бөлім айналасында және арсенал ішінде жүріп жатыр және тазалау жұмыстары тағы 1-2 айға созылуы мүмкін.

«Елбасы тапсырмасымен қалған оқ-дәрілер арсеналдан шығарылады және қауіпсіз қоймаларға таратылады. Немесе тиісті органдарға утилизацияға беріледі немесе қаладан 60 шақырым жерде жару жолымен жойылады», - деді Н. Ермекбаев.

Тексеру жұмыстары аяқталған соң, қанша тонна оқ-дәрінің жарылып кеткені және қанша шығын келгені анықталады.

«Оқ-дәрілердің жартысынан астамы жарылып кетті. Өрт сөндірушілер екінші және үшінші базадағы өртті сөндіру арқылы, инженерлік оқ-дәрілерді сақтап қалды (...) Арсеналда авиациялық снарядтар мен теңіз оқ-дәрілері ешқашан сақталмаған», - деп түсіндірді министр.