26 мау, 2019 сағат 10:43

Арыстағы апат: Жолда қалған 11 мың жолаушы балама бағыттармен тасымалданды

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Арыстағы жарылыстан кейін Түркістан облысында теміржол қатынасы қалай ұйымдастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теміржол компаниясына қарасты «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріптің айтуынша, 2 күннің ішінде Түркістан облысының аумағында жолдан қалған 11 мың жолаушы балама бағыттар мен автокөлік арқылы тасымалданған.

Жолдан қалған жолаушыларға қолайлы жағдай туғызуға Түркістан облысымен қатар көршілес Жамбыл облысының атқарушы органдары да көмектесуде.

«Арыстағы төтенше жағдайға байланысты Шымкент-Арыс-Түркістан бағыты бойынша барлық пойыздар тоқтатылғанын білесіздер. Осыған байланысты 13 жолаушы пойызы «Жезқазған-Жарық» үзігі арқылы өткен. Бүгіннен бастап жаңа бағыт түзілді. 10 жолаушы пойызы «Жесқазған-Сексеуіл» бағыты арқылы кетіп жатыр. Сонымен қатар Шымкент-Түркістан қалаларының арасына автокөліктер тасымалдап қатынап тұр. Бұл істе Түркістан, Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының әкімдігі бірлесіп көмектесуде. Екі күнде 11 мың жолаушы тасымалданды. Оның екі мыңы автокөлік арқылы жайлы орынға жеткізілді», - деген Диас Ахметшәріп балама бағыттармен жолды жалғастыруға 11 мың жолаушының жартысынан астамы келіскенін айтады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Сервис және клиенттермен жұмыс департементінің директоры Әлібек Сұлтанов жолды жалғастырудан бас тартқандардың барлығына билет құны 100 пайыз қайтарылып жатқанын айтады.

«Бас тартқан жағдайда билет құнының 100 пайызын өтеп береміз. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Төтенше жағдай кесірінен жоспары бұзылып, жолдан қалғаны үшін реніш білдіргендер де бар. Бірақ олардың саны саусақпен санарлық», - дейді ұлттық компания өкілі.

Еске салсақ, бұған дейін Арыстағы жарылыстан үшінші адамның  қайтыс болғаны хабарланған болатын.

Бүгін Парламент депутаттары Арыс тұрғындарымен кездесу үшін Түркістан облысына аттанды. 

Төтенше жағдайдың қаупі әлі сейілмегендіктен, тұрғындарға қалаға оралуға болмайтындығы ескертілген.