02 шіл, 2019 сағат 09:55

Арыстағы апат: Ұрлық бойынша 85 арыз түскен

Арыс тұрғындарынан мүлкінің ұрланғаны туралы 85 арыз түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Валимир Беккер орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Үйіне қайтқан тұрғындар мүлкі жоғалғаны туралы 85 арыз түсірген. Алайда, оннан астам арызды иелері қайтарып алды. Аса ірі көлемде азық-түлік ұрлау фактісі тіркелді. Бір адам көлігі ұрланғанын хабарлаған. Жалпы, әр оқиға бойынша жедел-іздестіру топтары шұғыл шаралар қабылдап жатыр», - дейді Владимир Беккер.

Оның айтуына қарағанда, 28 маусымнан бері тұрғындардың шағымдары бойынша жедел әрекет ететін 48 тексеру тобы жұмыс істеп жатыр.

Еске салсақ, ҚР Қорғаныс министрлігі кеше Арыс қаласында жарылу қаупі жоқ қару-жарақ бөлшектерін жою жұмыстарын бастаған болатын. 

Бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев апаттан зардап шеккен Арыс тұрғындарының әрқайсына 100 мың теңгеден төлеу үшін екі аптаның ішінде 44 мыңнан аса адам туралы мәлімет жиналатынын айтқан болатын. 

Бүгінгі таңда бүлінген 247 жеке үй жөнделуде.