28 мау, 2019 сағат 12:59

Арыс жарылғыш заттардан толық тазартылды - Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері Арыс қаласын жарылғыш заттардан толық тазартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге қаланың 17 секторындағы жедел штабтарды аралап, халықтың сұрақтарына жауап берді. Жарылу қаупі бар заттардан жаппай тазарту үшін Арыс аумағы 17 секторға бөлінген. Таңғы сағат 05.00-де тазартылған учаскелерге бақылау жүргізілді. Аумақты тазалау аяқталған соң Арыс-1 және Арыс-2 стансыларынан барлық бағыттағы пойыздардың қозғалысы қалпына келтірілді», - делінген министрліктің хабарламасында.


Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ҚР Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық барлау топтары қаланың радиациялық, биологиялық жағдайына толық мониторинг жүргізген. Радиациялық фонды өлшеу кезінде улы және кері әсер ететін заттар табылмаған.

«Дегенмен, қала аумағында саперлер жасағы әлі болады. Сондай-ақ әуеден тұрақты бақылау орнатылып, әскери қойма аумағы мен оған іргелес жерлерге мониторинг жүргізіледі. Олардан жеткен ақпарат жедел штабқа түсіп отырады. Енді Қарулы Күштердің жеке құрамы Арыс тұрғындарына өз үйлеріне қайта оралуға көмектеседі. Әскери психологтар да елмен жұмыс істеп, консультациялар өткізеді», -  делінген баспасөз мәліметінде