09 шіл, 2019 сағат 16:27

Арыс тұрғындарының 99 пайызы өтемақыға құжат тапсырды

Бүгін Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары бойынша облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен жиын өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліске қатысқан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, барлық секторда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Арасында жоспардан кешіккендеріне, жұмыс күші жетпей жатқан облыстарға тиісті ескертулер беріліп, жұмыс толық бақылауға алынған.

Осы деректерге тоқталған вице-министр құрылыс аумағына мердігерлер мен жұмысшыларды көбейту керектігін де атап өтті.

Қала және қала маңынан 20 шақырым аумақта әскерилер тексеру, тазалау жұмыстарын жалғастыруда. Арнайы тікұшақпен де мониторинг жасап жүрген әскерилер оқ-дәрі тазаланғанын, жарылыс қаупі жоқ екеніне көз жеткізген. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрілігің өкілі Руслан Шпекбаев мәлімдеді. 42 топтан құралған саперлар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Тұрғындардың шақыртуларына да жедел жететін кезекшілер ұйымдастырылған.  


Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, қала қауіпсіздігі мен тыныштығын 300-ден астам полицей күзетуде. 17 сектордың бәрінде тәртіп сақшылары кезекшілік жасауда.

Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ербол Ахметов қалада құрылыс және жөндеу жұмыстары басталып кеткенін мәлімдеді. Ал облыстық қаржы басқармасының басшысы Арман Тасыбаев 100 мың теңге өтемақыға құжат тапсырғандар саны 99 пайыздан асқанын жеткізді. Таяуда 100 пайызға жетеді. Себебі бұл бағытта жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Құжаттар тексерілген соң тамыз айының басында тұрғындарға өтемақы беріле бастайды.

Түркістан  облыстық емханасының бас дәрігері  Марат Пашимов жарылыс салдарынан зардап шеккен 65 науқас жазылып,  ауруханадан шыққанын айтса, облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков барлық секторларда тұрғындардың талап-тілегі тыңдалып, 800-ге жуық жергілікті белсенді, ел ағалары мен үкіметтік емес ұйым мүшелері гуманитарлық және өзге де көмектерді ұйымдастыру шараларына тартылғанын мәлімдеді. Тұрғындар үшін жәрмеңкелер да жалғасын таппақ.


Әрбір жауапты басшыны жеке-жеке тыңдаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті. Қаланы тиімді басқару және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін 17 секторды болашақта да қалдыру керектігін айтты.

Сонымен бірге құрылысты кешеуілдетіп жатқан секторларда жұмысты ширатуды тапсырды.