22 шіл, 2019 сағат 09:19

Арыс қаласында 1 875 үй қалпына келтірілді

Бүгінгі таңда Арыс қаласындағы 1 875 үйде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 секторға бөлінген қалада қазір 7 324 жұмысшы істейді. Олар 4 804 жеке тұрғын үй мен көп қабатты үйді жөндейді.

Құрылысшылар аптап ыстыққа қарамастан еңбек етуде. Күндіз Арыста термометр бағанасы 45 градустан төмен түспей тұр.

«Жұмыс күні таңғы алтыдан басталады және сағат 13.00-ге дейін жалғасады. Содан кейін сағат 13.00-ден 16.00-ге дейін үзіліс жариялаймыз. Құрылысшыларға демалыс береміз, өйткені аптап ыстық күннің астында жүру мүмкін емес. Сағат төрт жарымдар шамасынан бастап кешке дейін жөндеу жұмыстарын жалғасады. Басқалай болуы мүмкін емес», - деді вице-министр Қайырбек Өскенбаев.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР ИИДМ вице-министрі Арыс қаласында төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бері жұмыс істеуде. Министрлік мамандары құрылыс барысын қадағалайды. Қаланы қалпына келтіруге елдің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалалар қатысуда.