24 мау, 2019 сағат 19:41

Арыс аумағына 800 әскери қызметші жеткізілді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласындағы ТЖ аумағында жұмыс істеп жүрген қызметкерлер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Арыста 45 мың тұрғын бар. Жарылыстардың көлемін, масштабын көрген соң, түгел қаланы эвакуациялау туралы шешім қабылдадық. Тездетіп құлақтандыру құралдары іске қосылды. Автобустар әкелініп, қаладан тұрғындарды тез арада қауіпсіз өңірге шығаруға әрекет жасалды. Қазіргі уақытта Арыста әр сағат сайын көшелерді аралап, арнайы көліктік колонналар жіберіп, тұрғындардың барлығын шығарып жатырмыз. Көпшілігі қаладан шықты деп айтуға болады. Енді полициямен және әскерилермен бірігіп, қаланың ішін патрульдеуге кірістік. Қаланың шеттерін қоршап, блок посттар орнаттық

Арыс тұрғындарын эвакуациялауға 150 автокөлік тартылды. Қаланы күзетуге аудандық ішкі істер бөлімі толық жұмылдырылды. 345 қызметкер, 75 арнайы көлік, 51 жедел жәрдем көлігі тартылды. Одан бөлек, Қорғаныс министрлігі тарапынан 800 әскери қызметші қала аумағына жеткізілді. Олар жедел тапсырмаларды орындайтын болады. Соңғы бір сағатта Арыс қаласынан 1616 адам эвакуацияланды.

Арыста ешкім қалмады деуге болады. Сағат сайын қала ішін тексеріп жүрміз. Жертөледе тығылып отырған адамдар болса, қала аумағынан шығаруға тырысамыз», - деді Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында тікелей эфирде өткен баспасөз брифингінде.