15 шіл, 2019 сағат 08:48

Арыс: 100 мың теңге берілетін елді мекендердің тізімі жарияланды

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Арыста болған төтенше жағдайға байланысты 100 мың теңге өтемақы берілетін елді мекендердің тізімін жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты 100 мың теңге өтемақы беру бойынша түрлі сауалдар туындауда. Көрші елді мекен тұрғындарынан сұрақтар келіп түсуде. Алайда ҚР Үкіметі бекіткен тізім бойынша өтемақы беріледі. Атап айтқанда,

Арыс қаласы бойынша - 44 994 адам,

Ақдала ауыл округінде - 4 324 адам,

Қожатоғай ауыл округі бойынша - 4 232 адам,

Дермене ауыл округінде - 2 052 адам.

Жалпы бірінші кезекте 55 602 тұрғынға 100 мың теңгеден 5,6 миллиард теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отыр. Өтемақы төлеуге ҚР Үкіметінің резерві есебінен 3 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге және арнайы құрылған "Түркістан" әлеуметтік қорына түскен қаржыдан 1,6 миллиард теңге бөлінеді деп күтіледі.

Жергілікті тұрғындардан құжаттарды қысқамерзімде жинауға Арыс қаласындағы 17 секторда бекітілген тиісті мамандар және аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері жұмылдырыған. Олар 2019 жылдың 3 шілдесінен бастап өтемақы алуға өтініштер жинақталып жатыр.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

Жарылыс болғаннан кейін төртінші күні тұрғындар Арыс қаласына қайтты.