09 там, 2019 сағат 14:39

Аружан Саин жаңа қызметінде қандай жұмыстар атқарып үлгергенін айтты

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне жақында ғана тағайындалған Аружан Саин атқарған жұмыстары туралы ай сайын есеп беріп тұратынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.

«18 маусым күні мен ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалдым. Атқарылған жұмыстар мен қол жеткен нәтижелер жөнінде ай сайын ашық есеп беріп тұруға бекіндім.

Шілдеде менің атыма әрқайсысы қыйғылы тағдырға толы 28 хат келіп түсті. Бірінен тірліктен түңілген жанның жанайқайы сезілсе, бірінен өмірлік қиын түйінді шеше алмай қамыққан жанның үні естіледі. Алайда, олардың барлығы біздер – үлкендер шешуге тиісті проблемалар», - деді ол.

А.Саин 12 істі өзінің жеке бақылауына алған.

Бұл істер бойынша барлық өкілетті органдармен бірлескен қызу жұмыстар жүріп жатыр.

«Ең алдымен, сөйлеудің кохлеарлық импланттарының процессорларын ауыстырудың қолданыстағы тәртібімен келіспейтін бір топ ата-ананың үндеу менің атыма келіп түсті. Мәселені объективті түрде қарау үшін мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың атына қолданыстағы заңдық негіздерді түсіндіруін өтініп, хат жолдадым.

Екіншіден, шілденің соңғы күндерінде Адам құқығын қорғау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюрода өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының мектеп-интернатында тәрбиеленіп жатқан балалардың құқықтары бұзылғанын айғақтайтын деректер жариялады. Осы мақсатта ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің атынан Түркістан облысының прокурорына балалар құқықтарының толық сақталуы мен мектеп-интернаттың қызметінің заңдылығын кешенді түрде тексеру туралы ресми хабарлама жолдадым», - деді ол.

Сонымен қатар, Аружан Саин Атырау қаласы әкімдігіне «Бақытты Отбасы» бағдарламасына қатысуға ниетті мүгедек балалары бар жанұяларға жолдама беруден бас тартқан қызметкерлердің әрекеттеріне заңдық тұрғыда баға берулерін сұрап, хат жолдаған.

Микротия сырқаты бойынша сәтсіз ота жасалған қызының жағдайын айтып, шырылдаған ананың хаты негізінде дәрігердің қызметін тексеруді талап етіп, мемлекеттік органдарға жүгінген.

«Мен еліміздің Білім және ғылым министрлігіне шетелдіктердің бала асырап алу мәселесін түсіндіріп берулерін сұрастырып, хат жаздым. Бұл мәселе қазақстандық балалар шетелге сатылып жатыр деген ақпараттар тарап, қоғамдық сананың алаңдаушылығы байқалғандығынан туындап отыр. Қоғам алдында жаңа туған нәрестелердің ретинопатиясы туралы проблема тұрғалы да көп уақыт болды. Бүгінгі күні ол адам шошитындай дәрежеге жетті. Менің Денсаулық сақтау министріне жазған хатым тура осы мәселе туралы.

Барлық мүдделі мемлекеттік органдар Уәкілмен бірлесе жұмыс жасауға ниетті. Әсіресе, бүгінгі таңда Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктерімен және өзге де ведомстволармен бірігіп жұмыс жасаудың алғышарттарын әзірлеудеміз. Тек осылай ғана біздің әрбір қадамымыз тиімді болатынына сенімдімін», - деді ол.